Болат Ақшолақов Мақат ауданының проблемалы нысандарын аралады

Болат Ақшолақов Мақат ауданының проблемалы нысандарын аралады

Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов Мақат ауданына жұмыс сапарымен барып, негізгі инвестициялық, әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралап шықты. Аймақ басшысы жобалардың іске асырылу барысын бағалап, аудандағы өзекті мәселелер бойынша бірқатар тапсырма берді.

Әкім алдымен “Атырау – Доссор” тасжолының бойында қытайлық инвесторлардың қатысуымен салынып жатқан “Евразия” жеке индустриялық аймағына барды. Жоба 261 гектар аумақта іске асырылуда, 2031 жылы аяқталады деп жоспарланған. Индустриялық аймақ өнімдерді Ресейге, Орталық Азия мен Таяу Шығыс елдеріне экспорттауға бағытталған. Бұған оның географиялық тұрғыда тиімді орналасуы оң ықпал етпек. Индустриялық аймақты құру нәтижесінде 6000-ға жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік туады. Жоба Атырау облысында мұнай-химия кластерін дамытудағы негізгі драйверлердің біріне айналады деп күтілуде.

«ЕвразияСтройКапитал» ЖШС директорының орынбасары Вейбо Ланның айтуынша, индустриялық аймақта мұнай-химия жабдықтары, құбыр мен құрылыс өнімдері, бояу материалдары, энергия үнемдейтін технологиялар, темірбетон бұйымдары, натрий-ионды аккумуляторлар орналастырылып, шөлейттенуге қарсы күрес және биомассаны қайта өңдеу жобаларын жүзеге асыру жоспарланған. Бұған қоса, компания тозығы жеткен жерлерді қалпына келтіру бойынша экологиялық жобаны іске асыруға кіріскен.

— 500 гектар алқапты қамтитын тәжірибе учаскесінде шөлді топырақты қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бұл Атырау облысының сортаң жерлерін көгалдандыруға кірісуге мүмкіндік береді. Жыл сайын қайталанып отырған қамыс өрті де қоршаған ортаға зиян келтіріп отыр. Біз қазір биомассаны қайта өңдеп, кейін оны органикалық тыңайтқыш және керосин өндірісіне шикізат ретінде қолданудың мүмкіндігін қарастырып жатырмыз, — деді Вейбо Лан.

Болат Ақшолақов инвесторларды облыс әкімдігі тарапынан толық қолдау көрсетілетініне сендірді.

— Салық түсімдері жергілікті бюджетте қалуы үшін біздің өңірде жобаларды жүзеге асырып жатқан барлық компания Атырау облысында тіркелуі тиіс. Біз өз тарапымыздан көмек беруге, жер учаскелерін бөлуге, инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге және жобаның іске асырылуына қолдау көрсетуге дайынбыз. Біздің міндетіміз – бизнеске кедергі келтіру емес, оның дамуына көмектесу. Сонымен бірге өңірге инвестиция тартып қана қоймай, оны білікті кадрлармен қамтамасыз ету үшін жергілікті тұрғындарды оқыту мен жұмысқа орналастыруға да басымдық берілуі тиіс, - деді облыс басшысы.

Әкім бұдан соң 1940 жылдан бері мұнай-газ, өнеркәсіп және энергетика салаларына маман даярлап келе жатқан Мақат мұнай және газ технологиялық колледжіне барды.

Бүгінде білім ордасында 250-ге жуық студент 6 мамандық және 10 біліктілік бойынша білім алып жатыр. Колледж заманауи құрал-жабдықтармен жарақталған. Оқу орнының материалдық-техникалық базасында 9 өндірістік шеберхана, мұнай өнеркәсібіне арналған оқу-жаттығу полигоны және химиялық зертхана бар. Студенттер өнеркәсіптік жабдықтардың құрылысын зерделеп, металл өңдеу, бекіту бұйымдарын жасау және заманауи станоктарда жұмыс істеу дағдыларын меңгереді.

Колледж директоры Айболат Долдашевтің сөзінше, болашақ мамандардың практикалық дайындығына ерекше көңіл бөлінеді. Оқу орны Мақат ауданының 3 кәсіпорнымен ынтымақтастықта жұмыс істейді. Студенттер онда тәжірибеден өтіп, өндірістік процестермен таныса алады.
— Біз тұрақты түрде “дөңгелек үстелдер”, бірлескен оқыту бағдарламалары мен практикалық сабақтар өткізіп тұрамыз. Білім алушылар оқу барысында-ақ заманауи құрал-жабдықтардың көмегімен кәсіби дағдыларды меңгеріп, оқу бітірген бойда өндірісте жұмыс істеуге дайын болады, - деді Айболат Долдашев.

Сондай-ақ колледж басшылығы Болат Ақшолақовқа “QazaqGaz” ҰК” АҚ-мен тікелей әріптестік орнатуға ықпал етуге өтініш білдірді.

Педагогтардың пайымынша, ұлттық компанияның білім беру бағдарламаларына қатысуы болашақ газ өңдеу зауыттары мен газ-химия кешендері үшін кемінде 300 білікті жұмысшы мен инженер даярлауға мүмкіндік береді.

Болат Ақшолақов колледж басшылығының бастамасын қолдап, кадр даярлау ірі жұмыс берушілермен тығыз байланыста жүзеге асырылуы тиіс екенін атап өтті. Өңір басшысы мұндай серіктестік жаңа өндірістердің қажеттілігін ескере отырып, сұранысқа ие мамандарды даярлауға және жастарды жұмысқа орналастыруға мүмкіндік беретінін айтты.

Облыс әкімі 2021 жылы салына бастаған үш қабатты, 60 пәтерлі тұрғын үйге барды. Жоба мердігері — «Дан-Строй-База-ЛТД» ЖШС. Техникалық тексеріс нәтижесінде іргетас блоктарында ақау бары анықталып, оның ғимараттың көтеруші конструкцияларына кері әсер еткені белгілі болған. Сол себепті нысан апатты деп танылып, пайдалануға жарамсыз деген пайым жасалды. Болат Ақшолақов азаматтардың қауіпсіздігі қашан да бірінші орында болатынын баса айтты.

Өңір басшысы ғимараттың техникалық құжаттамасымен және тексеру нәтижелерімен танысып, жауапты органдарға мәселені шешу жолдарын жан-жақты қарастырып, тиісті ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.

Болат Ақшолақов ат басын бұрған келесі нысан — Мақат аудандық Жастар ресурстық орталығы. Орталық 2020 жылы ашылғанына қарамастан, жастардың қажеттілігіне сай келмейді және ауыстыруды қажет етеді. Жаңа ғимарат құрылысының жобалау-сметалық құжаттамасы әзір тұр. Өңір басшысы бұл жобаны қолдайтынын атап өтіп, облыстық бюджеттің мүмкіндіктерін ескере отырып, қаржыландыру мәселесін қарастыруды тапсырды.

Келесі нысан — Мақат кентінің теміржол вокзалы.
Болат Ақшолақов ғимаратқа жүргізілген күрделі жөндеудің және перрондар реконструкциясының нәтижелерімен танысты. Реконструкция 2022 жылдың күзінде басталған. Жоба шеңберінде жалпы ауданы 6000 шаршы метрге жуық бірінші және екінші перрон толық жаңартылып, ұзындығы 200 метрлік бастырма, 30 сауда павильоны және 40 заманауи жарықтандыру бағаналары орнатылған. Жолаушылар мен қызметкерлерге жайлы әрі қауіпсіз жағдай жасалған. Мақат ауданының әкімі Азамат Мәмбетовтің мәліметінше, Мақат елдегі ең ірі теміржол торабы саналатындықтан, вокзал маңын абаттандыруды жалғастыру көзделіп отыр.

— Мақат халқына теміржол саласының 100 жылдығына орай вокзал жанынан жаңа абаттандырылған саябақ сыйлағымыз келеді. Іргелес аумақты көгалдандыру, төсемтас салу және ауыл тұрғындарына жайлы демалыс аймақтарын құруды жоспарлап отырмыз, - деп атап өтті аудан әкімі.

Болат Ақшолақов бұдан кейін ауысымына 250 адамды қабылдауға шақталған Мақат аудандық орталық ауруханасына барды. Медициналық мекеме «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған және бүгінде халыққа алғашқы медициналық-санитарлық, кеңес-диагностикалық, стационарлық, оңалту және шұғыл медициналық көмек көрсетеді. Қазіргі уақытта ауруханада 50-ден астам дәрігер жұмыс істейді. Аудан басшылығы ауруханаға қосымша корпус салу қажет деп есептейді.

— Ауруханаға 50 орынға арналған үш қабатты жаңа корпус салып, оны қолданыстағы медициналық кешенмен біріктіру қажет. Ескі ғимаратты бұзу жоспарланған. Жоба дайын тұр, жыл аяғына дейін мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын аламыз деп күтіп отырмыз. Құрылыс құны — шамамен 5,5 млрд теңге. Жаңа корпуста травматология бөлімін ашу және хирургиялық қызметті кеңейту көзделген. Республикалық тасжолда жол-көлік оқиғалары жиі болатынын ескерсек, бұл — өте маңызды, - деді Азамат Мәмбетов.

Болат Ақшолақов аудандық аурухананың жаңа корпусын салу бастамасын қолдап, оның Мақат тұрғындары үшін әлеуметтік мәні зор екенін атап өтті. Өңір басшысы оны жүзеге асыру механизмдерін пысықтап, бұған демеушілер тарту мәселесін де қарастыруды тапсырды.

Облыс әкімі аудандық “Әлеуметтік кеңсе” жұмысымен де танысты. Ауданы 413 шаршы метрлік ғимаратта Мансап орталығы, Отбасын қолдау орталығы, Отбасы банк, коммуналды қызметтер және «GPC Investment» ЖШС өкілі «бір терезе» қағидаты бойынша орналасқан. Мұндай формат тұрғындарға бір жерден бірнеше мемлекеттік және әлеуметтік қызметті қатарынан алуға мүмкіндік береді. Алда осы қағидат негізінде кәсіпкерлерді қолдау орталығын ашу жоспарланып отыр.

Облыс әкімі жұмыс сапарының аяғында Мақат аудандық полиция бөліміне барды. Оның ғимараты 1987 жылы пайдалануға берілген, бүгінде тозығы жетіп тұр. Инженерлік желілер, соның ішінде жылыту жүйесі ескірген және заманауи талаптарға сай келмейді. Бұдан бөлек, нысан бастапқыда балабақша ретінде жобаланғандықтан, полиция бөлімшесінің қажеттілігіне сай емес. Қазіргі уақытта бөлімде 96 қызметкер жұмыс істейді, алда штат санын 200-ге дейін көбейту жоспарда бар. Бөлім басшылығы облым әкіміне полицияның заманауи типтік ғимаратын салу туралы ұсынысын айтты. Сонымен қатар, «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағында қоғамдық қауіпсіздікті күшейту және жаңа полиция тірек пунктін салу мәселелері қаралды.

Болат Ақшолақов жұмыс сапарының соңында Мақат ауданын дамыту ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асырудан бастап әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға дейін кешенді түрде жүруі керек екенін атап өтті. Өңір басшысы берілген тапсырмалардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды және жоспарланған жобалардың уақтылы іске асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.