
Атырауда облыс әкімі Болат Ақшолақовтың төрағалығымен Сәтбаев даңғылы мен Студенттер көшесін реконструкциялау және абаттандыру мәселелері жөнінде жиын өтті. Өңір басшысы келесі аптада жобаны іске асыруға кірісуді тапсырды.
Абаттандыру жобасы жалпы ұзындығы 3,5 шақырымдық учаске бойындағы 42 мың шаршы метр аумақты қамтиды. Тұжырымдама бірыңғай архитектуралық дизайн-код қалыптастыра отырып, “қасбеттен жиектасқа дейін” принципімен қалалық кеңістікті кешенді жаңартуды көздейді. Жоба аясында жаяу жүргіншілер мен серуендеу аймақтары, веложолақтар, балалар мен спорт алаңқайлары, көлеңкелі аркалар мен шағын сәулет нысандары, құрғақ субұрқақтар, бірыңғай үлгідегі аялдама павильондарын салу және аумақты кең ауқымды көгалдандыру жоспарланған.
— Біз биылғы құрылыс маусымын өткізіп алмауымыз керек. Жұмысты келесі аптада бастап, бірнеше учаскеде қатарынан жүргізу қажет. Егер мердігердің өз ресурсы жетпесе, Астана мен Алматыда осындай жұмыс істеген тәжірибелі қосалқы мердігерлерді тартыңыздар. Сондай-ақ абаттандыруды аяқтағанға дейін барлық инженерлік коммуникация мен кабельдер жер астына көшірілуі тиіс. Кейін жаңа жабындыны қайта ашып жатпас үшін осының бәрін жобалаушылармен бірге алдын ала шешіп алу қажет,—деді облыс әкімі.
Бұдан бөлек, жобаға “ҚазжолҒЗИ” АҚ мамандарын тартып, жерасты суларын зерттеу керегі жөнінде айтылды. Алынған нәтижелер топырақтың тұздылығын ескере отырып, жол құрылысы стандарттарын әзірлеуге негіз болмақ.
Болат Ақшолақов жиынды қорытындылап, қажетті ресурстарды тартуды қамтамасыз етуді және құрылыс технологияларын қатаң сақтауды тапсырды.
— Біз көшені жай ғана әдемі етіп қоймай, заманауи, жайлы әрі сапалы қоғамдық кеңістік құруымыз керек,— деді ол.