Болат Ақшолақов елді мекендердің санитарлық жағдайын бақылауды күшейтуді тапсырды

Болат Ақшолақов елді мекендердің санитарлық жағдайын бақылауды күшейтуді тапсырды

Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақовтың төрағалығымен “Таза Қазақстан” экологиялық акциясын жүзеге асыруға арналған жиын өтті. Онда елді мекендердің санитарлық тазалығын қамтамасыз ету, аумақтарды абаттандыру және өңірдің экологиялық ахуалын жақсарту бағытындағы жұмыстардың жай-жапсары талқыланды.

 

Болат Ақшолақов тұрғындардың тұрмыстық қатты қалдықтардың шығарылуына, аумақтардың санитарлық тазалығына қатысты шағымы орынды екенін және жедел әрекет етуді талап ететінін атап өтті.

 

— Экология мәдениеті жекелеген адамдардың үлгі-өнегесінен басталады. Балаларымыз қандай жағдайда өмір сүріп, қандай үлгі көріп өссе, есейгенде тазалық пен қоршаған ортаға деген көзқарасы дәл сондай болады. Сондықтан біз тұрғындардың уәжіне уақытында құлақ асып, бірден іске кірісуіміз керек. Кемшіліктер бір апта ішінде жойылуы тиіс. Бұл тапсырмалардың орындалысы аппараттың апталық отырысы сайын қаралады. Санитарлық тазалықты қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүйелі түрде жүргізіліп, барлық деңгейдегі әкімдердің тұрақты бақылауында болуы шарт, — деді өңір басшысы.

 

 

Жиында Мақат ауданын  абаттандыруда заманауи цифрлық технологияларды қолдану тәжірибесі қаралды. Қатысушылар абаттандыру ережелерін бұзу, қоқысты заңсыз шығару мен төгу фактілерін нақты уақыт режимінде тіркеуге, елді мекендердің санитарлық жағдайын бақылауда ұстауға мүмкіндік беретін ұшқышсыз аппараттардың жұмысымен танысты. 

 

Талқылау нәтижесінде осындай тәжірибені Атырау және Құлсары қалаларында енгізу ұсынылды. Бұдан бөлек, полиция органдары қолданатын ұшқышсыз аппараттардың қызмет аясын кеңейту мүмкіндігі қаралды. Оларды жол қозғалысы ережелерінің сақталуын қадағалаумен қатар, экологияға қатысты құқық бұзушылықтарға мониторинг жүргізу, заңсыз қоқыс орындарын анықтау және басқа да мақсаттарда пайдалану ұсынылуда.

 

Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Жантас Оспан акцияны іске асыру барысы жөнінде баяндады.

— Биыл “Таза Қазақстан” акциясы аясында 210 сенбілік өтіп, оған 75,5 мыңнан астам тұрғын қатысты. Барлығы 6 542 тонна қоқыс шығарылып, 17 729 түп көшет отырғызылды. Акцияның басым бағыты — саябақтар салу және оларды абаттандыру. Бұл ретте Құлсары қаласында ауданы 0,5 гектар “Барлаушы” саябағы пайдалануға берілді, тамызда ауданы 4,4 гектарлық “Атырау” экосаябағын ашу жоспарлануда. Ал “Нұрсая” шағынауданындағы  4,6 гектар экосаябақ бойынша жобалау-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамаға жіберілді,— деді Жантас Оспан.

 

Облыс әкімі Атырау қаласы әкімдігіне жазғы және қысқы уақытта қаланың санитарлық жағдайын қамтамасыз етуге және абаттандыруға тартылатын қолдағы арнайы техникаларға қатысты жан-жақты талдау жасауды тапсырды. Оның техникалық жағдайы, пайдалану тиімділігі және  міндеттерді орындауға қаншалықты жететіні бағалануы шарт.

 

Экологиялық бақылау нәтижелері жайында Атырау облысы бойынша Экология департаментінің басшысы Асқар Жүсіпов баяндады.

 

— Жыл басынан бері “Таза Қазақстан” акциясының шараларына облыстың 20 мыңға жуық тұрғыны қатысты. Рейд кезінде 42 заңсыз қоқыс орны анықталып, оның 30-дан астамы жойылды. Ғарыштан жасалған түсірілім мәліметтері бойынша, облыс аумағында қалдықтар төгілген 15 заңсыз орын тіркеліп, сегізі толық тазаланды. Осыған жол берген және аумақтарды уақытында жинамаған жауапты тұлғаларға жалпы сомасы 648 750 теңге айыппұл салынды, — деді Асқар Жүсіпов.

 

Абаттандыру ережелерінің сақталуын қадағалау жұмыстары туралы Атырау облысы Полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы, полиция майоры Әділбек Қозыбеков баяндама жасады.

 

— Есепті кезеңде облыс бойынша абаттандыру және аумақтарды санитарлық күтіп ұстау ережелерін бұзуға қатысты 3 815 дерек анықталып, 3 800-ден астам әкімшілік хаттама толтырылды. Белгіленбеген орынға күл-қоқыс төккен 62 жүк автокөлігінің және ақаба суды заңсыз төккен 78 ассенизатор автокөлігінің иесі жауапкершілікке тартылды. Бұған қоса, Атырау қаласында санитарлық талаптар жиі бұзылатын 35 проблемалы учаске анықталып, олардың электронды картасы жасалды, — деді  Әділбек Қозыбеков.

 

Облыс әкімі жиынды  қорытындылап, елді мекендердің санитарлық жағдайына мониторингті күшейтуді, заңсыз қоқыс алаңдарын уақытында жоюды қамтамасыз етуді, абаттандыру ережелерін бұзу мониторингін белсенді жүргізуді және экологиялық бақылауды күшейтуді тапсырды.

 

Сондай-ақ тұрақты түрде экологиялық семинарлар, сенбіліктер мен акциялар ұйымдастырып, оған мектеп оқушыларын, студенттер мен еріктілерді көптеп тартуды,  қоршаған ортаны қорғау саласындағы еріктілер қозғалысын дамыту жөнінде ұсыныстар дайындауды тапсырды.