Болат Ақшолақов Атыраудағы теміржол вокзалын реконструкциялау барысымен танысты

Болат Ақшолақов Атыраудағы теміржол вокзалын реконструкциялау барысымен танысты

Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов қаланың орталық теміржол вокзалына барып, нысанды қайта жаңғыртудың жай-күйімен танысты. Өңір басшысы атқарылған жұмыстар туралы мағлұмат алып, мердігер компанияға құрылысты жеделдетуді тапсырды.

Вокзал ғимаратының жалпы ауданы — 3 750 шаршы метр. Жоба аясында вокзалдың өзін ғана емес, бірінші және екінші жолаушылар платформаларын толық реконструкциялау көзделген. «Батыс Альянс Строй» ЖШС директорының орынбасары Орынбасар Жаңабайдың айтуынша, реконструкция биылғы наурызда басталған.

— Бүгінде демонтаж толық аяқталды. Қазір бетондау, ішкі әрлеу және безендіру кезеңіндеміз. Нысанның жалпы дайындығы — 55%. Вокзал 1972 жылы салынған, сондықтан темірбетон конструкциялары мен іргетасты нығайтуға айрықша назар аударып отырмыз. Жаңа вокзалдың басты айырмашылығы — қосымша ғимараттың салынуы. Егер бұрын өткізу қабілеті 500-ге жуық адам шамасында болса, реконструкциядан кейін жолаушы саны 2500–3000-ға дейін артады. Эскалаторларға, жеделсатылар мен басқа да қажетті құрал-жабдықтарға тапсырыс берілді. Олар жеткізілген соң монтажға кірісеміз, ал вокзалдың іші заманауи стандарттарға сәйкес жабдықталады, — деді ол.

Болат Ақшолақов жұмысты екі ауысымда ұйымдастыруды, жұмысшылар санын көбейтуді және реконструкцияны барынша қысқа мерзімде аяқтауды тапсырды.

— Жұмысты қыркүйекте аяқтау үшін барын салуларыңыз керек. Соңғы мерзім — қазан. Егер қандай да бір объективті қиындықтар туындай қалса, біз көмек беруге дайынбыз. Өзім де жиі келіп, жұмыс барысын бақылап тұрамын. Жабындардың мықты болуына, электр және және желдету жүйелеріне ерекше көңіл бөліңіздер, — деді өңір басшысы.

Облыста теміржол инфрақұрылымын жаңарту бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде. Вокзалдардың модернизациясы мен құрылысы жөніндегі бағдарлама тоғыз нысанды қамтыды. Бүгінде бесеуінде жұмыс толық аяқталса, қалған төрт нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасуда.