
Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақовтың төрағалығымен жиналыс өтіп, онда өңірдегі теміржол вокзалдарының реконструкциясы мен құрылысына қатысты мәселелер қаралды. Жиынға “ҚТЖ” ҰК” АҚ өкілдері, мердігерлер, жобалау және техникалық қадағалау ұйымдарының басшылары қатысты.
Облыстың тоғыз теміржол вокзалында көлік инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы шеңберінде жұмыстар жүргізілуде.
Атырау, Мақат, Мұқыр және Жамансор вокзалдары қайта жаңғыртылуда, сондай-ақ бес вокзал жаңадан салынды. Олар Сағыз, Доссор, Аққыстау, Ганюшкин және Исатайда орналасқан. Бүгінде Мақат, Сағыз, Доссор, Аққыстау және Ганюшкин вокзалдарындағы жұмыс толық аяқталып, пайдалануға берілді.
Отырыста қалған жобаларды жүзеге асыру барысы жайында айтылды. Жиында Атырау теміржол вокзалының реконструкциясына айрықша назар аударылды. Демонтаж кезінде бастапқы жобада ескерілмеген конструкциялық кемшіліктер анықталып, соның салдарынан жобалық шешімдерді түзетуге тура келді. Бұл жұмыстардың орындалу мерзіміне әсер етті. Қазір нысан құрылысының дайындығы шамамен 55% деңгейінде.
Облыс әкімі мердігер ұйымдарға құрылысқа бақылауды күшейтуді, жұмыс қарқынын жеделдетуді және олардың белгіленген уақытта сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Олар апта сайын жобалардың жүзеге асырылу барысы жайында есеп беріп отыруға міндеттелді.