Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов өңірдегі бірқатар әлеуметтік және агроөнеркәсіптік нысанды аралап, білім беру, креативті индустрия және агроөнеркәсіп кешені бағытындағы инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты.
Аймақ басшысы алдымен Кенен Әзірбаев көшесінде бой көтерген Caspian BINOM School мектеп-лицейіне барды. Мектептің жалпы ауданы — 3,1 гектар. Білім ордасы 4 000 оқушыға шақталған. Бүгінде мектеп маңын абаттандыру жұмыстары аяқталуға таяу. Болат Ақшолақов қала әкімдігімен бірлесіп, жаңа оқу жылы басталғанша автотұрақ аймағын кеңейтуді және маңайлас аумақты абаттандыру мәселесін ыждағаттап шешуді тапсырды.
Бұдан соң әкім Atyrau Creative Hub креатив орталығының жұмысымен танысты. Ауданы 1 600 шаршы метр орталық білім беру, технологиялық және шығармашылық кеңістіктерді қамтиды. Мұнда коворкинг, білім беру және дәріс алаңдары, жасанды интеллект элементтері бар зертхана, 3D-баспа шеберханасы жұмыс істейді.
Сапар аясында орталықтың материалдық-техникалық базасын одан әрі нығайту, білім беру бағдарламаларын кеңейту және креативті индустрияны дамытуға қосымша жағдай жасау мәселелері қаралды.
Облыс басшысының жұмыс сапары одан әрі агроөнеркәсіп нысандарында жалғасты.
Әкім әуелі Сарыөзек ауылындағы «Арай» шаруа қожалығының алма бағына барды. Бүгінде қожалық аумағында алты сұрыпты 2 000-ға жуық алма ағашы өсіріледі. Кәсіпорын тұрақты өнім алуға және ақпанға дейін өнім сапасының бұзылмауына мүмкіндік беретін заманауи агротехникалық шешімдерді сәтті қолданып келеді. Өнім жергілікті жәрмеңкелерде сатылады, ал алда табиғи бал, джемдер мен кептірілген жемістер шығаратын өндірісті іске қосу жоспарланып отыр.
Болат Ақшолақов қожалықтың әлеуеті жоғары екенін атап өтіп, жұмысына оң баға берді. Жобаны әрі қарай дамытуға қолдау көрсетуге дайын екенін де айтты.
Өңір басшысы одан кейін Махамбет ауданының Бейбарыс ауылындағы «Айдана Агро» ШҚ-ның жылыжай кешенін іске қосуға дайындығымен танысты. Ауданы 5,6 гектарлық кешен голланд технологиясы негізінде салынып, толық автоматтандырылған жабдықтармен жарақтандырылған. Кәсіпорынның жобалық қуаты — жылына 1 323 тонна көкөніс. Қызанақ, қияр және тағамдық көк шөптің алғашқы өнімін биылғы қазан-қарашада алу жоспарланған.
Кездесуде агроөнеркәсіп секторына мамандандырылған еуропалық жабдықтарды импорттау кезіндегі кедендік реттеу және салықтық жүктеме мәселелері талқыланды. Өңір басшысы салалық министрліктермен бірге қолданыстағы заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстардың пысықталатынын атап өтті.
Облыс әкімі «Atyrau Chicken» ЖШС құс фабрикасына да барды. Кәсіпорын жаңғыртудан кейін заманауи еуропалық жабдықтармен жарақтандырылған. Серіктестік төрт құс қорасын, қуаттылығы айына 488 мың жұмыртқа инкубаторды және жеке құрама жем зауытын қамтиды. Кәсіпорын жобалық қуаттылыққа шықса, өңір қажеттілігінің 30%-ға дейінгі бөлігін қамтамасыз етіп, жылына 5 мың тоннаға дейін құс етін өндіре алады.