Атырау облысында үш теміржол вокзалы пайдалануға берілді

Атырау облысында үш теміржол вокзалы пайдалануға берілді

Бүгін Доссор және Мақат кенттері мен Сағыз ауылындағы күрделі жөндеуден өткен теміржол вокзалдары салтанатты түрде ашылды. Ғимараттардың сыртқы келбеті мен ішкі инфрақұрылымы толық жаңартылып, күту залдары мен қызмет көрсету аймақтары заманауи талаптарға сай жабдықталды, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес, былтыр қыркүйектен бастап «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мен Атырау облысының әкімдігі өңірдегі тоғыз теміржол вокзалын жөндеу және жаңғырту жұмыстарын бірлесіп жүзеге асырып келеді.

– Бүгінде Аққыстау, Ганюшкин, Сағыз, Мақат және Доссор вокзалдары пайдалануға берілді. Енді Жамансор, Мұқыр және Исатай вокзалдарын тамыз айында, ал Атырау вокзалын қазан айында ел игілігіне беру жоспарланып отыр. Сонымен қатар Құлсары қаласындағы вокзалдың жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Алдағы уақытта өңірдегі өзге де теміржол вокзалдарын кезең-кезеңімен жаңғырту жалғасады, – деді Атырау магистральдық желі бөлімшесінің басшысы Аралбай Қосымбаев.

Жаңғырту жобаларының сапасын бақылау мақсатында арнайы «Вокзал шаруашылығын жаңғырту дирекциясы» құрылды. Дирекция құрылыс және жөндеу жұмыстарының белгіленген талаптарға сай орындалуын қадағалап, жобалардың сапалы әрі уақытылы аяқталуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар нысандардың техникалық жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізіп, құрылыс барысын үйлестіреді.

Атырау облысының аумағында барлығы 16 теміржол вокзалы жұмыс істейді.