
Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов аймақтың көлік инфрақұрылымын дамытуға арналған жиын өткізді. Онда жолдардың жағдайы, жөндеу жобаларының барысы, саланы қаржыландыру және жол құрылысының сапасын арттыру шаралары басты назарға алынды.
Жиынды өңір басшысы ашып, жол инфрақұрылымы тұрғындар үшін ең өзекті мәселелердің бірі екенін алға тартты. Жол салуға, қайта жаңартуға және күтім жасауға айтарлықтай қаражат бөлініп отырғанына қарамастан, тұрғындардың жол төсемінің сапасы мен жұмыстардың мерзіміне қатысты шағымы азаяр емес.
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әсет Оразғалиев қалыптасқан жағдай жайында баяндады. Оның сөзінше, облыстағы жалпы қолданыстағы автомобиль жолдарының ұзындығы 6 542 шақырымды құрайды. Былтыр 235 шақырым жол жөнделіп, нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар жолдардың үлесі 83%-ға жетті. Биыл 52 елді мекенде 82 жоба іске асырылуда, соның аясында 320 шақырымға жуық жолдың төсемесі жөнделеді. Көрсеткішті жыл аяғына дейін 86%-ға арттыру жоспарланған.
Жиналыста жедел шешімді қажет ететін мәселелер де қаралды. Соның бірі — “Атырау – Индер” автожолының 117–167 шақырым аралығындағы жол құрылысының аяқсыз қалуы.
Жұмыстың тоқтауына өз міндеттемелерін орындай алмаған мердігер ұйыммен арадағы шарттың бұзылуы себеп болған. Сондай-ақ мердігер ұйымдардың осы уақытқа дейін істеген жұмысына төленетін берешекті реттеу керегі де айтылды.
Республикалық маңызы бар жолдар желісіндегі жобалар туралы “ҚазАвтоЖол” ҰК” АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Ардақ Қайреденов хабардар етті. Оның мәліметінше, республикалық трассалардың бірнеше учаскесінде қайта жаңарту және жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Келесі жылы Атырау қаласының солтүстік айналма жолының және Аққыстау – Тұщықұдық ауылдарын айналып өтетін жолдың құрылысын аяқтау, “Атырау – Доссор” учаскесінің құрылысын бастау, “Құрманғазы” өткізу пунктін қайта жаңарту жұмыстарын жалғастыру жоспарланған.
Аймақ басшысы “Доссор – Құлсары” автокөлік жолының жағдайына да жеке тоқталып, тұрғындардың жолға қатысты шағымының 50%-дан астамы осы учаскеге қатысты екенін атап өтті. Сол себепті жол жөндеу жобасын ыждағаттап бастау үшін тиісті шаралар қабылдауды жүктеді.
“Жол саласын дамытудың жүйелі тәсілін ойластыруымыз керек. Жол салуды жоспарлаған кезде міндетті түрде тұрғындардың пікірі ескеріліп, халықтың ұсыныс-талабын жинақтау мен талдау жұмысы жүйелі ұйымдастырылуы тиіс”,— деп атап өтті Болат Ақшолақов.
Өңір басшысы жол құрылысына топырақ тұрақтандырғыш, полимерлі материалдар және жол төсемесін ұзақ уақытқа жарамды ететін технологияларды қолдана отырып, тиімді конструктивті шешімдер енгізу керегін, мұның барлығы оңтайлы бағада болуы тиіс екенін де атап өтті.
Жұмысқа ҚазжолҒЗИ және басқа да бейінді ғылыми-зерттеу ұйымдарын тарту жөнінде айтылды. Олар техникалық аудит жүргізіп, қолданылатын материалдар мен инженерлік шешімдердің тиімділігін бағалауы, сондай-ақ технологияларды жетілдіру және жол жобаларының құнын оңтайландыру бойынша ұсыныстар беруі тиіс.
Болат Ақшолақов жиынды түйіндеп, келесі жылдың бюджетін жоспарлаған кезде мәселелерді кешенді түрде талдап, ұсыныстарды негіздеп беруді және мейлінше басым бағыттағы жобаларды қаржыландыруды қарастыру керегін баса айтты.
“Басты міндет — бюджет қаражатын тиімді пайдалануды қамтамасыз ету. Әрбір теңге тиімді жұмыс істеп, істелген жұмыстың сапасы тұрғындардың көңілінен шығуы тиіс” — деп қорытындылады облыс әкімі.