
Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақовтың төрағалығымен кеңейтілген жиын өтіп, онда тұрғындарды электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Аймақ басшысы бұған дейін жарықтың жиі сөнуіне қатысты түскен арыз-шағымдарды жан-жақты зерделеп, негізгі себептерді анықтау жөнінде тапсырма бергенін атап өтті.
Жиында облыс әкімі аппаратының өңірлік даму және мониторинг бөлімінің бас инспекторы Инамат Хайдаров баяндама жасады. Оның сөзінше, 2026 жылғы 7 айда «109» орталығына 40 мыңнан астам өтініш түскен. Олардың басым бөлігі Тасқала, Нұрсая, Балықшы, Жұлдыз және Атырау ықшамауданы тұрғындарынан тіркелген.
- Шағымның көбеюіне негізгі себептің бірі -жеке инвестициялар есебінен салынған тұрғын үй кешендерінің электр желілеріне өз бетімен қосылуы. Бұл көбіне апатты жағдайларға әкеп соғады. Тағы бір мәселе «Атырау Жарық» ЖШС диспетчерлік қызметі мен кері байланыс жүйесі жұмысының тиімсіздігінде болып тұр. Тұрғындар жарық өшкен кезде диспетчерлік қызметке хабарласу мүмкін емесін және өтініштердің дер кезінде қарастырылмайтынын айтып жиі шағымданады, -деді И. Хайдаров.
Облыс энергожүйесінің жағдайы туралы «Атырау Жарық» ЖШС директоры Мейірбек Ғұбашев баяндады. Оның мәліметінше, кәсіпорын 200 мыңнан астам абонентті электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Бүгінде энергетика нысандарын күрделі жөндеу жоспары 50%-ға орындалған. Атырау қаласы мен Мақат ауданында “Тарифті инвестицияға айырбастау” бағдарламасы аясында жалпы ұзындығы 73,9 шақырымдық 13 электр желісі нысаны жаңғыртылған.
Бұған қоса, облыс орталығында жарықтың кезек-кезек сөнуіне негізгі себеп -«KEGOC» АҚ балансындағы жүктемені автоматты түрде шектеу жүйесінің жұмысына байланысты сыртқы шектеулер. Автоматтандырылған жүйе генерациялау қуатының тапшылығы салдарынан 6 065 тұрғын үй мен 983 заңды тұлға орналасқан Атыраудың сол жағалауын электрмен қамтамасыз ететін кернеуі 35 кВ Л-1Ц және Л-5Ц әуе желілерін ажыратып тұрады. Бұдан бөлек, зақымдалған 10 кВ резервтік кабельдік желілері бар көпқабатты тұрғын үй кешендері, сондай-ақ теңгерімінде трансформаторлық қосалқы станциялары бар, бірақ иелері күзгі-қысқы кезеңге техникалық тұрғыда дайындалмайтын 3 315 тұтынушының бейқамдығы да кері әсер етіп отыр.
- Жүктемені автоматты азайту жүйесіне қатысты сұрақ көп. Біз бірнеше рет жүктемені бөлудің балама схемасын ұсындық, бірақ мәселе әлі күнге дейін шешімін тапқан жоқ. Жеке және иесіз жатқан электр желілері де өз алдына бөлек мәселе. Сондай-ақ «Бейнеу-220» қосалқы станциясындағы ағынды автоматты бақылау жүйесінің дұрыс жұмыс істемеуі де апатты жағдайлардың туындау ықтималдығын арттырады, -деді М. Ғұбашев.
Болат Ақшолақов облыстың проблемалы мөлтек аудандарына ерекше көңіл бөлуді, «Атырау Жарық» ЖШС апаттық бригадаларының жұмысын жандандыруды, электр желілеріндегі апаттың алдын алу бойынша қажетті шараларды қабылдауды, сондай-ақ кәсіпорынның диспетчерлік қызметінің жұмысын жетілдіруді, халықпен тиімді кері байланыс орнатып, апатты жағдайда шұғыл әрекет етуді тапсырды.
Жүйеаралық электр желілерінің техникалық жағдайы мен қуат тапшылығының себептері жайында «KEGOC» АҚ филиалының өңірлік диспетчерлік орталығы басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Бағытов мәлімдеді.
Оның айтуынша, филиал иелігінде жалпы қуаты 1 450 мегавольт-амперлік 2 391 шақырым электр желісі және кернеуі 220 киловольт жеті қосалқы станция бар. 2023 жылы «Батыс Қазақстан – Атырау – Маңғыстау» екінші транзиті пайдалануға беріліп, нәтижесінде желілердің өткізу қабілеті төрт есеге артқан. Соған қарамастан, өңір энергожүйесінде генерациялау қуатының тапшылығы әлі де бар. Қазіргі уақытта Атырау облысы 1 154 мегават энергия тұтынады. «МАЭК» ЖШС №1 энергоблогы мен «Karabatan Utility Solutions» ГТЭС №4 турбогенераторын апаттық жөндеу, сондай-ақ ауа температурасының аномальды жоғарылығы мен Жайық өзеніндегі су деңгейінің төмендеуі электр станцияларында өндірілетін электр энергиясының көлемін азайтып, жағдайды күрделендіре түсті.
Нәтижесінде Ресейдің Бірыңғай энергетикалық жүйесі жағынан мемлекетаралық транзит жүктемесі рұқсат етілген мәннен асып кеткен. Бұл ЖАШЖ жүйесінің автоматты түрде іске қосылуына себеп болды.
Ол сондай-ақ ЖАШЖ жүйесі үлкен апаттардың алдын алатын және энергожүйелердің параллель қызметінің бұзылуына жол бермейтін мәжбүрлі қорғаныс шарасы екенін атап өтті. Тәуелділіктен толық құтылуға Батыс өңірді Қазақстанның Бірыңғай энергетикалық жүйесіне қосатын кернеуі 500 киловольт «Қарабатан – Өлке» электр беру желісінің құрылысы мүмкіндік береді. Жобаны іске асыру 2027 жылға жоспарланған.
Болат Ақшолақов кеңесті қорытындылай келе, қала мен облысты электрмен жабдықтау мәселесі өзінің жеке бақылауында екенін баса айтты.
-Қаланы электрмен қамтамасыз ету мәселесіне қала әкімі, ал облыс деңгейінде облыс әкімінің осы бағытқа жетекшілік ететін орынбасары тікелей жауапты болады. Бұл мәселе менің жеке бақылауымда және қабылданған шешімдердің орындалуына нақты лауазымды тұлғалар жауапты болады, -деді облыс әкімі.
Өңір басшысы орта мерзімді міндеттерді де айқындап берді:
-Электрмен қамтамасыз етудің сенімділігі алдағы жылыту маусымына дайындықтың негізгі бағытының бірі ретінде қарастырылуы тиіс. Өңір энергожүйесінің тұрақтылығын арттыру бойынша нақты ұсыныстар әзірленуі қажет, -деді Болат Ақшолақов.
Бұдан бөлек, облыс әкімі әуе электр желілерін жерасты кабельдерге ауыстырудың техникалық мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.