Өңір басшысы Исатай ауданындағы мәселесі шешілмеген нысандардың құрылысын ыждағаттап аяқтауды тапсырды

Өңір басшысы Исатай ауданындағы мәселесі шешілмеген нысандардың құрылысын ыждағаттап аяқтауды тапсырды

Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов Исатай ауданына жұмыс сапары аясында әлеуметтік жобаларды іске асыру барысымен танысып, құрылысы тұралап қалған бірқатар нысанды аралап шықты.

Аймақ басшысы алдымен Аққыстау ауылынан екі шақырым қашықтықта орналасқан өрт сөндіру депосына барды. Бұл нысанның құрылысы 2019 жылғы мамырда басталып, 2021 жылғы шілдеде аяқталуы тиіс еді. Алайда мердігер «Гамма-С» ЖШС өз міндеттемелерін орындамаған. Үш жыл бойы құрылыс тоқтап тұр, бүгінде ғимараттың конструкциялары отырып, іргетасында жарықтар пайда болған.

Қазір мердігерге қатысты сот процесі жүріп жатыр. Сондай-ақ жобалық-сметалық құжаттамаға түзету енгізіліп, мемлекеттік сараптамаға жіберілген. Оң қорытынды алынғасын жаңа мердігерді анықтау бойынша қайтадан конкурс жарияланады. Құрылысты 2027 жылы аяқтау жоспарлануда.

Облыс әкімі жобаны түзету жұмыстарын жеделдетуді, бүлінген конструкцияларды бұзып, құрылысқа кірісуді тапсырды.
– Егер қазір іске кірісетін болсақ, ғимарат одан сайын қирамас үшін ең болмағанда контуры мен төбесін жауып қоюымыз керек, – деп атап өтті Болат Ақшолақов.

Әкім одан кейін апатты жағдайдағы үш қабатты 60 пәтерлі үш тұрғын үйдің жағдайымен танысты. Жалпы ауданы шамамен 12 мың шаршы метр тұрғын үй кешенінің құрылысы 2019 жылы басталған. Техникалық тексеріс нәтижесінде іргетас блоктарының дұрыс қаланбағаны, мұның ғимараттардың көтергіш конструкциясына кері әсер еткені анықталған. Тұрғын үйлер сол себептен апатты деп танылып, құрылысты аяқтау және нысанды пайдалану мүмкін емес деп шешілді.

Болат Ақшолақов апатты деп танылған ғимараттарды бұзу керегін айтып, азаматтардың қауіпсіздігі бірінші орында екенін атап өтті. Әкім адамдардың өмірі мен денсаулығына төнетін кез келген қауіпке жол берілмейтінін жеткізді.

Өңір басшысы жаңа тұрғын үй кешенін салу кезінде құрылыстың нормалары мен қауіпсіздік талаптарын толық сақтай отырып, бұзылған үйлерден қалған жарамды құрылыс материалдарын барынша тиімді пайдалануды тапсырды.

Бұдан кейін жұмыс тобы Аққыстау ауылындағы 1970 жылы пайдалануға берілген және бүгінде апатты техникалық жағдайда тұрған су тазарту қондырғыларының жұмысымен танысты. 2022 жылы нысанды күрделі жөндеу жобасы әзірленген, бірақ мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды ала алмаған. Қазіргі уақытта реконструкция жобасының жаңа нұсқасы дайындалып жатыр. Ол су тазарту қондырғыларын толық модернизациялауды: технологиялық жабдықтарды ауыстыруды, қазандарды қайта жаңартуды және кварц сүзгілерін пайдалана отырып, заманауи су тазарту жүйесін енгізуді қарастырады. «Атырау облысы Су Арнасы» КМК директоры Мейірім Қалауидің айтуынша, “Өркен” мөлтекауданындағы тәуліктік қуаты 500 текше метрлік және Қаратөбек ауылындағы қуаты 1,5 мың текше метрлік үш су тазарту қондырғысын реконструкциялау аяқталса, Аққыстау толықтай сапалы ауызсумен қамтылады.
– Бұдан бөлек, Нарын, Жанбай, Зинеден және Исатай ауылдарын сумен қамтамасыз ету жобалары әзірленуде. Олар іске асырылған соң ауданға қарасты барлық елді мекен орталықтандырылған ауызсумен қамтылады, – деді ол.

Облыс әкімі жобаны ыждағаттап түзетуді және құрылыс-монтаж жұмыстарын тезірек бастау үшін тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.

Болат Ақшолақов Аққыстау ауылындағы 16,2 шақырымдық ішкі автомобиль жолдарын қайта жаңарту жұмыстарымен де танысты. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әсет Оразғалиевтің айтуынша, құрылыс 2021 жылы басталған. Алайда 2024 жылы мердігер ұйымның өз міндеттемелерін орындамауына байланысты келісімшарт біржақты тәртіпте бұзылған.
Жоба шеңберінде ұзындығы 12,2 шақырымдық учаскеге ірі түйіршікті асфальтбетон төселген. Қазіргі уақытта мердігерден қаражатты өндіру және орындалған жұмыстардың актісін жарамсыз деп тануға қатысты сот процестері жалғасуда.

Сондай-ақ өңір басшысы Аққыстау станциясының жақында қайта жаңартылған теміржол вокзалына барды.

Елімізде теміржол инфрақұрылымын модернизациялау жөніндегі республикалық бағдарлама аясында 100-ден астам вокзал жаңартылуда, оның тоғызы Атырау облысында орналасқан. Вокзал бүгінде модернизацияланып, заманауи стандарттарға сәйкестендірілген: ана мен бала бөлмелері, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған орындар жабдықталған. Күту залдары жаңартылып, жолаушылар үшін жайлы жағдай жасалған.

Облыс әкімі Аққыстау ауылындағы кәріз тазарту құрылыстары және кәріз желілерінің құрылысымен де танысып шықты. Нысанның бас мердігері — «Павлодар өзен порты» АҚ. Бүгінде құрылыс-монтаждау жұмыстарының негізгі бөлігі аяқталып, кәріз сорғы станциясының технологиялық жабдықтары орнатылған. Нысанның мұнай құбырының қорғалатын аймағы арқылы өтуіне қатысты туындаған мәселелер реттелген соң №8а сорғы бекеті 50 метрге жылжытылды. Қазіргі уақытта іске қосу-баптау жұмыстары жүргізіліп, анықталған кемшіліктер жойылуда.

Өңір басшысы жұмысты уақытында аяқтап, нысанды белгіленген мерзімде пайдалануға беруді тапсырды.

Аймақ әкімі жұмыс сапарының соңында Аққыстау мен Жанбай ауылдары арасындағы электр беру желісінің апатты учаскесін тексерді.

Құрылыс мердігері — «№49 механикаландырылған колонна» ЖШС. Бұл ұйым жұмысты 2021 жылы аяқтаған және бес жылдық кепілдік мерзімі бар. Осы мерзім өтпес бұрын алты шақырымдық учаскеде 169 темір-бетон бағананың зақымданғаны анықталып, техникалық тексеріс нәтижесінде апатты деп танылды. Бүгінде жанбайлықтар электр энергиясын осы желі арқылы алып отыр. Қыс уақытында электрдің өшу қаупі жоғары.

Болат Ақшолақов жағдаймен танысып, аудан әкіміне салалық басқармалармен және мердігер ұйыммен бірлесіп, қысқа дейін апатты бағаналарды ауыстыру жөнінде шара қабылдауды, қаржыландыру көздерін анықтауды және елді мекендерді электрмен үздіксіз қамтамасыз етуді тапсырды.

Облыс басшысы нысандарды аралап шығып, әлеуметтік маңызы бар және инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылуы оның жеке бақылауында екенін баса айтты. Әкім нысандардағы мәселелердің нақты неден туындап отырғанын анықтауды, қабылданған техникалық шешімдерге талдау жасауды және жаңа жобаларды іске асыру кезінде мұндай жағдайларға жол бермеуді тапсырды.

Бұдан бөлек, проблемалы нысанның әрқайсысына бөлек нақты шешім тауып, жұмыс мерзімін белгілеуді және оның орындалысын жіті бақылауға алуды жүктеді.