
Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов тұрмыстық қатты қалдықтар полигонын рекультивациялау, кәріз тазарту құрылыстарын жаңғырту, “Квадрат” булану алаңын тазалау жұмыстарының барысымен және Атыраудың солтүстік айналма жолының құрылысымен танысты.
Әкім алдымен ұзындығы 16 шақырымдық “Ерік Мостовой” арнасына барды. Соңғы жылдары арнаны жаңғырту және инженерлік инфрақұрылым жүргізуге қатысты түрлі жоба қарастырылғанымен, іске асырылған жоқ. Аймақ басшысы жауапты мемлекеттік органдарға қысқа мерзімде жұмысты қаржыландыру көздері мен іске асыру мерзімін айқындап, кешенді қайта жаңарту бойынша ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.
Облыс әкімі бұдан кейін 1977 жылдан бері пайдаланылып келе жатқан тұрмыстық қатты қалдықтар полигонына барды. Мұнда осы уақытта 3 млн тоннадан астам күл-қоқыс жиналған, күн сайын 350 тоннадай қалдық төгіледі.
Сондай-ақ өңір басшысына жаңа полигон құрылысының жобасы таныстырылды.
Оған түзету енгізіліп, жылдық қуаттылығы 150-ден 200 мың тоннаға дейін арттырылды. Биылғы қыркүйекке дейін мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алу, ал қазанда құрылыс-монтаждау жұмыстарына кірісу көзделген. Нысан 2028 жылғы наурызда пайдалануға берілуі тиіс.
Өңір басшысы мердігер ұйымдар мен жауапты мамандарға қалдықтарды басқару мәселесінің кешенді шешімін табуды тапсырды.
— Күн сайынғы күл-қоқыс бірінің үстіне бірі жиналатындай емес, уақытында өңделіп, кәдеге жаратылатындай жүйе жасақталуы шарт. Бұл процесс үздіксіз жүріп отыруы керек және оны барлық жерде енгізуіміз керек, — деді Болат Ақшолақов.
Облыс әкімі бұдан кейін кәріз тазарту құрылыстарын қайта жаңарту және “Квадрат” булану алаңын рекультивациялау барысымен танысты. Тазарту құрылыстарының оң жағалау бөлігін қайта жаңарту 80%-ға орындалған, жұмысты жыл аяғына дейін тәмамдау жоспарланған. Сонымен қатар “Квадрат” булану алаңын тазалау жалғасуда. Жобада көзделген 1,7 млн текше метр лас шөгіндінің 900 мың текше метрден астамы тазартылды.
Жұмыс аяқталғасын тазартылған суды техникалық қажеттілікке және көгалдандыруға пайдалану жоспарлануда.
Өңір басшысы жұмысты жеделдетуді және іске қосу-баптау жұмыстарын уақытында аяқтауды тапсырды.
Облыс әкімі барған келесі нысан — Жайық өзені арқылы өтетін көпір мен үш жолайрық салуды қарастыратын 27 шақырымдық Атырау қаласының солтүстік айналма жолының құрылысы. Жаңа магистраль Атырау – Астрахань, Атырау – Орал, Атырау – Индер және Атырау – Ақтөбе автокөлік жолдарын қосып, облыс орталығын айналып өтетін транзиттік көлік қозғалысын қамтамасыз етеді.
Қазіргі уақытта бірінші және екінші іске қосу кешендерінде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Жайық өзені арқылы өтетін көпір құрылысын қамтитын үшінші іске қосу кешені кестеден қалыс келеді, оған құрылыс құнының артуы себеп болған.
Бұдан бөлек, өңірде “Мұқыр – Құлсары” автокөлік жолының 1-16 шақырымында жол құрылысы және республикалық маңызы бар “Махамбет – Хамит Ерғалиев” автокөлік жолының 10-35 шақырымында орташа жөндеу жүріп жатыр.
Облыс әкімі әлеуметтік маңызды және инфрақұрылым жобаларының іске асырылуы өзінің жеке бақылауында болатынын атап өтіп, жұмыстың жоғары сапасын қамтамасыз етуді және нысандар құрылысын белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.