Атырауда экология мәселелерін шешудің жүйелі жолдары талқыланды

Атырауда экология мәселелерін шешудің жүйелі жолдары талқыланды

Атырауда Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың және Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен кеңес өтіп, онда өңір экологиясына қатысты өзекті мәселелер қаралды.
Олардың қатарында шаңды дауылдардың жиілеуі, Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі, қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын жаңғырту, өңірді көгалдандыру және «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты аумағындағы өрттің алдын алу бағытындағы жұмыстар бар. Облыс әкімі проблемаларды атап көрсетумен шектелмей, оларды шешудің нақты тетіктерін айқындаудың маңызды екенін айтты.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Каспий теңізінің ғылыми-зерттеу институты» коммерциялық емес акционерлік қоғамы құрылды. Институттың бас кеңсесі Ақтау қаласында орналасқанымен, ғылыми зерттеулер Каспий теңізінің бүкіл акваториясын, соның ішінде Атырау облысын да қамтуы тиіс. Осы орайда Серік Шәпкенов Каспий теңізінің құрғаған табанына кешенді ғылыми зерттеу жүргізудің маңызын атап өтті.

Кеңесте «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватындағы өрт қауіпсіздігі мәселесіне де ерекше назар аударылды. Мұндағы қамыс алқаптарында адам факторынан туындайтын өрт оқиғалары жиі тіркеледі.

Облыс әкімі салалық министрлікке қамысты жүйелі шауып отырудың ғылыми негіздемесін әзірлеуді ұсынды. Оның айтуынша, резерват Атырау облысының аумағында орналасқандықтан, бұл мәселені шешу министрлік пен облыс әкімдігінің ортақ жауапкершілігінде және бірлескен кешенді іс-қимыл жоспарын әзірлеуді талап етеді. Қазіргі таңда ерекше қорғалатын табиғи аумақтың қолданыстағы режиміне байланысты резерват аумағында қамыс шабуға шектеу қойылған. Соның салдарынан қамыс қалыңдап, ыстықта ауқымды өртке себеп болып жатады. Ал одан шыққан түтін қалаға жетіп, тұрғындарға қолайсыздық туғызады. Осыған байланысты ғылыми негіздемеге сүйене отырып, қамысты экожүйеге зиянсыз тәсілмен тиімді пайдалану мүмкіндігін қарастыру ұсынылды. Бүгінде қамысты құрылыс материалдарын шығаруға және электр энергиясын өндіруге пайдалануға ниетті инвесторлар бар. Бұл өрт қаупін азайтып қана қоймай, табиғи ресурсты тиімді игеруге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ министр 2026 жылдың аяғына дейін өңірлік коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламасын бекітуді және Атырау қаласында, Жылыой мен Махамбет аудандарында қалдықтарды сұрыптау кешендерін құруды тапсырды. Бұл саланы дамыту үшін шағын және орта бизнес субъектілерін белсенді тарту қажет. Осы мақсатта жылдық мөлшерлемесі 3 пайыз, мерзімі 15 жылға дейінгі жеңілдетілген несиелер беру тетіктері қарастырылмақ.

Тараптар кеңес қорытындысы бойынша Атырауда Каспий теңізінің ғылыми-зерттеу институтының филиалын ашу мәселесін пысықтауға келісті. Сонымен қатар жергілікті табиғи-климаттық жағдайға бейімделген ағаш көшеттерін өсіретін көлемі 100–150 гектарлық тәлімбақ салу мүмкіндігі қарастырылмақ. Бұған сырттан әкелінетін көшеттердің жерсіну көрсеткішінің төмен болуы себеп болып отыр. Бұл жобаны іске асыруға өңірдегі мұнай компанияларын тарту жоспарлануда.