
Атырау облысында білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздікті күшейту мақсатында жасанды интеллект негізіндегі бейнеаналитикалық жүйе пилоттық режимде сынақтан өтіп жатыр. Жоба биыл сәуір айында басталып, №1 және №42 жалпы білім беретін мектептерде, сондай-ақ Оңайбай Көшеков Атырау аграрлық-техникалық колледжінде тегін іске қосылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Жобаның мақсаты – білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік деңгейін арттыру, құқық бұзушылықтардың алдын алу және оқушылар мен студенттер үшін қауіпсіз әрі қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру.
Атырау облысы Білім беру басқармасының басшысы Марат Абуовтың айтуынша, жасанды интеллектпен жабдықталған жүйе бейнебақылау камераларынан түсетін ақпаратты автоматты түрде талдайды. Соның нәтижесінде білім алушылар арасындағы жанжал, агрессивті мінез-құлық немесе құқық бұзушылық қаупін ерте кезеңде анықтай алады.
– Мұндай жағдайлар тіркелген кезде білім беру ұйымдарының басшылығына және жауапты қызметкерлерге жедел хабарлама жіберіледі. Бұл оқушыларға қажетті психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетіп, құқық бұзушылықтың алдын алу шараларын дер кезінде қабылдауға мүмкіндік береді. Егер пилоттық жоба оң нәтиже көрсетсе, 2026–2027 оқу жылынан бастап жүйені облыстағы білім беру ұйымдарына кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр, – деді Марат Абуов.
Мамандардың айтуынша, бұл бастама білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік стандарттарын жаңа деңгейге көтеріп, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде заманауи цифрлық технологияларды кеңінен қолдануға жол ашады.