Іс-шараға Атырау облысы Дін істері басқармасы мен басқармаға қарасты Ақпараттық-талдау орталығы КММ қызметкерлері, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысындағы имамдары, сондай-ақ «Шапағат» деструктивті діни ағымдардан зардап шеккендерге көмек орталығы» қоғамдық қорының теолог мамандары қатысты.
Мәжілісті Атырау облысы Дін істері басқармасының басшысы Қ.Мусаев ашып, қоғамдағы құқықтық мәдениетті арттырудың, азаматтардың құқықтық сауаттылығын көтерудің және заң талаптарын сақтау қағидаттарын нығайтудың маңыздылығына тоқталды.
Шара барысында Атырау облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің Басқарма басшысы Б.Анесов пен Басқарманың аға жедел уәкілі Б.Қанатбеков сөз сөйлеп, қаржылық қауіпсіздік, экономикалық құқық бұзушылықтардың алдын алу, интернет алаяқтықтың жаңа түрлері және олардан қорғану жолдары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Сонымен қатар, модераторлар әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы әрекет ететін алаяқтардың азаматтарды арбаудың түрлі тәсілдері туралы жан-жақты ақпарат берді. Әсіресе соңғы уақытта кеңінен қолданылып жүрген жасанды интеллект технологияларын пайдалану арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттерге ерекше назар аударылып, олардың белгілері мен сақтану жолдары түсіндірілді.
Кездесу барысында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандар тарапынан толық әрі нақты жауаптар алды. Пікір алмасу алаңында ақпараттық қауіпсіздік, діни ортадағы құқықтық мәдениет және қоғамдағы алаяқтық фактілерінің алдын алу мәселелері кеңінен талқыланды.
Іс-шара қорытындысында қатысушылар құқықтық сауаттылықты арттыру, азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және заманауи қауіп-қатерлердің алдын алу бағытындағы түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жалғастырудың маңыздылығын атап өтті