Атырауда 600 мың тоннаға жуық қысқы мал азығы дайындалады

Атырауда 600 мың тоннаға жуық қысқы мал азығы дайындалады

Қыста төрт түлікті жем-шөппен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында мал азығын дайындау науқаны басталады. Облыс бойынша алдағы қыстауға 626,5 мың тонна ірі сабақты мал азығы, 4 мың тонна сүрлем және 45,8 мың тонна құрама жем қажет деп жоспарланған. Оның 55,1 мың тоннасы өткен жылдан сақталған қор есебінен қамтамасыз етілсе, қалған 571,4 мың тоннасы биылғы науқан барысында жиналады, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Мал азығын дайындауға 741 трактор, 603 шөп шабатын агрегат, 702 жүк тасымалдау техникасы жұмылдырылады. Сонымен қатар 90 ірі шаруашылық пен арнайы бригада қатысу жоспарлануда. Негізгі шөп шабу науқаны шілде айында басталып, табиғи шабындықтардың жағдайына қарай кезең-кезеңімен жүргізіледі.

Өңірдің климаттық ерекшеліктеріне байланысты қажетті ірі сабақты мал азығының шамамен төрттен бірі сырттан жеткізіледі. Сондай-ақ құрама жемнің негізгі бөлігін құрайтын кебек, бидай және арпа көршілес Батыс Қазақстан мен Ақтөбе облыстарынан тасымалданады. Бұл тәжірибе өңірде көп жылдан бері қалыптасқан және қыс мезгілінде мал азығы тапшылығын болдырмайды.

Атырау облысы Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Азат Қапановтың айтуынша, биыл жоспар өңірдегі мал басының қажеттілігіне сәйкес жасақталған.

– Қажетті жем-шөп қоры толық көлемде дайындалған жағдайда өңірдегі мал қыстату маусымы тұрақты өтеді. Бұл малдың қоңын сақтап, өнімділігін төмендетпеуге, сондай-ақ көктемгі төл алу науқанын шығынсыз өткізуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, жеткілікті азық қоры шаруалардың қосымша шығындарын азайтып, мал басының сақталуына оң әсер етеді, – деді Азат Қапанов.

Сондай-ақ жергілікті кәсіпорындар да мал азығын өндіру мен жеткізуге белсенді қатысуда. Атырау қаласындағы «Карат» ЖШС өңір шаруашылықтарын жыл сайын шамамен 11 мың тонна кебек жемімен қамтамасыз етуде.