Комиссия отырысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг нәтижелері мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары қаралды

Комиссия отырысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг нәтижелері мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары қаралды

Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен өткен комиссия отырысында мемлекеттік сатып алу саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау қорытындылары, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және профилактикалық есепте тұрған азаматтарды әлеуметтік бейімдеу мен оңалту мәселелері қаралды.

Атырау облысы бойынша Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының басшысы Арман Әбсіметов мемлекеттік сатып алу саласында жүргізілген мониторинг нәтижелерін таныстырды. Оның айтуынша, бәсекелестікті шектеуге, рәсімдердің ашықтығын төмендетуге және бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына әкеп соғуы мүмкін бірқатар тәуекел анықталған.

– Мәселен, техникалық талаптарды нақты бір жеткізушіге бейімдеп жазу, сондай-ақ негізсіз шығыстарға байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталды, – деді А. Әбсіметов.

Атырау облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Ернар Базаров жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Оның айтуынша, жүйелі профилактикалық, бақылау және ұйымдастыру шараларының нәтижесінде жол-көлік оқиғаларынан қаза тапқандар саны 25 пайызға азайған. Ал жол-көлік оқиғаларының саны 1,5 пайызға, ал зардап шеккендер саны 4,9 пайызға артқан.

Өңірде жол қозғалысын бақылау және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында жылдамдық режимін автоматты түрде тіркейтін 51 аппараттық-бағдарламалық кешен мен екі ұшқышсыз басқарылатын аппарат қолданыста. Соның нәтижесінде 10 673 жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі тіркелсе, дрондардың көмегімен 164 құқық бұзушылық анықталған.

Ернар Базаров жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі жүргізушілердің әрекетіне ғана емес, жол инфрақұрылымының жеткілікті деңгейде дамымауына да байланысты екенін атап өтті. Оның айтуынша, жол апаттарының алдын алу үшін әкімшілік шаралармен қатар инженерлік және инфрақұрылымдық жобаларды жедел іске асыру қажет.

Отырыста сондай-ақ профилактикалық есепте тұрған азаматтарды әлеуметтік бейімдеу және оңалту мәселелері талқыланды.

Қазіргі уақытта полиция органдарының профилактикалық есебінде шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған 95 адам, әкімшілік қадағалаудағы 68 азамат және бұрын сотталған 853 адам тіркелген. Түсіндіру және профилактикалық жұмыстар жүйелі жүргізіледі.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Серік Шәпкенов сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылық деңгейін төмендету мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтарының бірі болып қала беретінін атап өтті. Ол заң талаптарының орындалуына бақылауды күшейтуді және қойылған міндеттердің тиімді орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.