Атырауда теміржол техникасын сынақтан өткізуге арналған тәуелсіз орталық ашылды

Атырауда теміржол техникасын сынақтан өткізуге арналған тәуелсіз орталық ашылды

Атырауда Texol Industrial индустриялық жобасы аясында заманауи тәуелсіз ғылыми-зерттеу және сынақ орталығы пайдалануға берілді.

Нысан заманауи құрылғылармен жабдықталған. Мұнда локомотивтер, жүк вагондары мен өзге де техникаларды зертханалық жағдайда ғана емес, қозғалыс барысында да толық сынақтан өткізуге мүмкіндік бар. Енді отандық кәсіпорындар өнімдерін сертификаттау, типтік және өзге де сынақтарды шетелдік зертханаларға жүгінбей-ақ, Қазақстанда ұлттық және халықаралық талаптарға сәйкес жүргізе алады.

Орталықтың ашылу рәсіміне Атырау облысы әкімінің орынбасары Марат Мұрзиев қатысты. Оның айтуынша, бұл жоба өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып, отандық машина жасау саласының дамуына серпін береді.

– Атырау облысы – еліміздегі жетекші өнеркәсіптік өңірдің бірі. Бүгінде Қазақстанда өндірілетін мұнайдың 60 пайыздан астамы, табиғи газдың шамамен 80 пайызы осы аймаққа тиесілі. Сонымен қатар өңірде машина жасау саласы да қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда облыста осы бағытта 195 кәсіпорын жұмыс істейді. TEXOL компаниясының бастамасымен ашылған тәуелсіз ғылыми-зерттеу орталығы саланың жаңа деңгейге көтерілуіне жол ашады, – деді Марат Мұрзиев.

Бұл орталық қызметін TEXOL компаниялар тобы ғана емес, өзге өндіріс орындары да пайдалана алады. Тәуелсіз ғылыми-зерттеу орталығының директоры Константин Потаниннің айтуынша, сынақтың барлығы бір жерде жүргізіледі.

– Бұған дейін TEXOL компаниялар тобы өз өнімдерін сынақтан өткізу үшін басқа елдердегі орталықтарға баруға мәжбүр еді. Енді қажетті сынақтың бәрін өзіміз жүргіземіз. Орталықта сертификаттау, типтік, қабылдау-тапсыру сынақтары, кіріс бақылауы және басқа да тексерулер толық қамтылады. Мұнда орнатылған жоғары дәлдіктегі әмбебап жабдықтардың кейбірінің әлемде баламасы жоқ. Бізде теміржол техникасын ғана емес, машина жасау, құрылыс және басқа да салалардың өнімін сынақтан өткізуге мүмкіндік бар, – деді Константин Потанин.

Бүгінде орталықта он маман еңбек етеді. Алдағы уақытта олардың саны 15–20 адамға жетпек.

Сынақ орталығы Атырау вагон жасау зауытының базасында ашылды. Кәсіпорында люкті жартылай вагондар, сұйытылған көмірсутек газын тасымалдауға арналған цистерналар, мұнай тасымалдайтын цистерналар мен контейнерлік платформалар шығарылады. Толық өндірістік циклмен жұмыс істейтін зауыт жылына сегіз мыңнан астам жүк вагонын шығаруға қауқарлы.