Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Қазақстан Республикасы Конституциясының күшіне енуіне орай «Жаңа Конституция: орнықты дамудың институционалдық және құқықтық негізі» атты ғылыми-практикалық конференция өткізді. Жиынға 150-ден астам адам қатысты, олардың қатарында мемлекеттік органдар, Парламент, Сот жүйесі, адвокатура, халықаралық ұйымдар, ғылыми және сарапшылық қауымдастық өкілдері, сондай-ақ Қазақстан мен шетелдің жетекші жоғары оқу орындарының ғалымдары мен сарапшылары бар.
Конференцияны Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасы Эльвира Азимова ашып, 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енетінін атап өтті.
Өз сөзінде Эльвира Азимова: «Конституциялық Сот Жаңа Конституцияның қолданысқа енуімен Ата Заңның үстемдігін қамтамасыз етіп, конституциялық құндылықтарды қорғауды одан әрі нығайта түседі. Бұл Қазақстанның тарихи әрі құқықтық дамуының жаңа кезеңінің басталғанын білдіреді», – деді.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстан Республикасындағы Тұрақты үйлестірушісі Раднарагча Саранго мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің Бас хатшысы Қайрат Сарыбай конференция қатысушыларына бейнеүндеу жолдады. Сондай-ақ Түркі мемлекеттері Парламенттік ассамблеясының Бас хатшысы Рамиль Гасан мен Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісінің Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Феруза Эшматова да бейнеүндеу жасап, Қазақстандағы конституциялық реформаларға өңірлік әрі халықаралық деңгейде айрықша қызығушылық барын атап өтті.
Қатысушылар тақырыптық пікір алмасу барысында жаңа Конституцияның құқықтық жүйені жетілдірудегі және конституциялық мемлекеттілікті нығайтудағы рөлін талқылады.
Конференцияда жетекші қазақстандық ғалымдар, Конституциялық Соттың, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның, жоғары оқу орындарының және сарапшылық қауымдастықтардың өкілдері баяндама жасады.
Қатысушылар конференцияны қорытындылап, жаңа Конституция Қазақстанның дамуының жаңа кезеңіне берік институционалдық және құқықтық негіз қалағанын атап өтті.