Атырау облысында алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары жүруде

Атырау облысында алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары жүруде

Өңірде алдағы жылыту маусымына дайындық аясында «Атырау Жарық» ЖШС тарапынан 715,4 шақырым электр желісі мен 17,7 шақырым жылу желісін жаңарту жоспарланған, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Жөндеу жұмыстарының 12,27 шақырымы – «АтырауЖылуЖүйелері» ЖШС, ал 5,5 шақырымы Атырау қаласы әкімдігі тарапынан жүзеге асырылуда. Сонымен қатар 35 кВ және одан жоғары кернеулі сегіз қосалқы станция мен 70 трансформаторлық қосалқы станцияға жөндеу жүргізілуде. Бұған қоса, 8,8 шақырым су құбыры және кәріз желілері де жаңартылып жатыр.

Бұл жұмыстар облыс әкімінің 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық жөніндегі іс-шаралар жоспары негізінде жүзеге асырылуда.

- Жоспарға сәйкес білім ордалары мен денсаулық сақтау мекемелері және көппәтерлі тұрғын үйлерді жылыту маусымына дайындау қарастырылған. Жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылады, - деді облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының баспасөз хатшысы Амангүл Айтбай.

Биыл «Атырау ЖылуЭлектрОрталығы» ЖШС теңгеріміндегі үш жылу агрегаты мен екі турбоагрегатқа жөндеу жүргізу көзделген. Қазір №2 және №11 жылу агрегаттарының жөндеуі толық аяқталды. Ал №9 жылу агрегаты мен №9 турбоагрегаттағы жұмыстар жалғасып жатыр. №5 турбоагрегатты жөндеу 6 шілдеде басталады.

Айта кетейік, бүгінде облыста 4 орталықтандырылған және 723 автономды қазандық жұмыс істейді.