
Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов өңірдегі БАҚ өкілдеріне Президент тапсырмасымен жаңа пәтерлердің кілтін табыстады. Отандық журналистиканың дамуына елеулі үлес қосқан қызметкерлер «Park Avenue» тұрғын үй кешенінен екі бөлмелі баспанаға ие болды.
Медиа саласы мамандарына көрсетіліп отырған әлеуметтік қолдаудың айқын көрінісі болған мұндай бастама биыл алғаш рет қолға алынып отыр.
Жаңа қоныс иелерінің қатарында «Хабар» агенттігі» АҚ Атырау филиалының телеоператоры Айбек Байзақов та бар. Ол журналистика саласында 21 жылдан бері қызмет етіп келеді. Еңбек жолын «Қазақстан» РТРК» АҚ-да оператор болып бастап, кейін көп жыл бойы республикалық Atameken Business телеарнасында телеоператор қызметін атқарған.
Жаңа баспанаға Atpress.kz сайтының бас редакторы Қаршыға Көшеков те ие болды.
– Журналистика саласында 30 жылдан астам уақыт еңбек етіп келемін. Аудандық, облыстық және республикалық баспа және электрондық бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет атқардым. Бүгінгі қуанышты сәтті адал еңбектің жемісі деп білемін. Шынымды айтсам, дәл қазіргі көңіл күйімді сөзбен жеткізу қиын. Мемлекет басшылығының қолдауы мен ықыласына шынайы ризашылығымды білдіремін. Әріптестеріме шығармашылық табыс, елімізге өсіп-өркендеу мен жетістіктер тілеймін, – деді Қаршыға Көшеков.