
Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында Медицина қызметкерлері күніне орайластырылған салтанатты іс-шара өтті.
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов сала мамандарын кәсіби мерекемен құттықтап, өңір медицинасының жетістіктері мен даму бағытына тоқталды. Аймақ басшысы халық денсаулығын сақтау мәселесі мемлекет назарындағы басым бағыттардың бірі екенін атап өтті.
– Атырау облысының денсаулық сақтау саласы бүгінде тұрақты даму жолында. Президентіміздің тапсырмасына сәйкес бірқатар шаралар қолға алынып, сәтті іске асырылып жатыр. Соңғы жылдары өңірімізде жаңа медициналық нысандар салынып, ауруханалар мен емханалар
заманауи құралдармен жабдықталды, жоғары технологиялы медициналық қызметтердің ауқымы
кеңіді. Десек те, медицинаның басты күші – сіздер. Мерекелі күнде денсаулық сақтау саласының қызметкерлері мен ардагерлеріне шынайы
ризашылығымды білдіремін.
Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, қызметте табыс пен жетістіктер тілеймін, – деді облыс әкімі.
Алдағы жылдары өңірде жаңа балалар ауруханасы бой көтермек. Сонымен қатар заманауи көпсалалы медициналық орталықтар салу жоспарланған.
Биыл кәсіби мереке қарсаңында денсаулық сақтау саласының 21 маманына қызметтік пәтер кілті табысталды. Кадр тартуға бағытталған бағдарламалар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Соның нәтижесінде соңғы екі жылда маман тапшылығы екі есеге азайды. Былтыр ауылдық елді мекендерге жұмысқа тұрған медицина қызметкерлеріне 10 миллион теңгеге дейін көтерме жәрдемақы берілді.
Өңірде оңалту қызметін дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Биыл Атырауда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған заманауи «Алмалы» оңалту орталығы ашылды. Бұған дейін жыл сайын шамамен 1 100 адамға оңалту қызметі көрсетілсе, енді кешенді оңалтудан өтетіндер саны 2 300 адамға дейін жетпек.
Ана мен бала денсаулығын қорғау да басым бағыттардың бірі болып қала береді. Соңғы үш жылда өңірдегі ана өлімі көрсеткіші 14 пайызға төмендеді.
Салтанатты жиында Серік Шәпкенов денсаулық сақтау саласының дамуына елеулі үлес қосқан мамандарға мемлекеттік және ведомстволық наградаларды табыс етті.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі Атырау облыстық ауруханасының консультативтік-диагностикалық орталығының жетекшісі Марат Ербусиновке, Атырау қалалық №2 емханасының жалпы практика дәрігері Жібек Шанаеваға, Атырау қалалық №5 емханасының скрининг жұмыстарын ұйымдастыру жөніндегі маманы Елена Нагаловаға, Дамбы ауылындағы алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталығының емшара кабинетінің мейіргері Рахима Тлепбергеноваға және еңбек ардагері Алма Сарбаеваға табысталды.
Сонымен қатар бір топ қызметкерге «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгілері, «Құрмет» грамотасы және Атырау облысы әкімінің Алғыс хаты табысталды. Марапатталғандар қатарында тәжірибелі дәрігерлер, мейіргерлер мен өңірдегі медициналық ұйымдардың қызметкерлері бар.
Іс-шара қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен мерекелік концертке ұласты.