
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен аппарат отырысы өтіп, онда жолаушылар тасымалына қатысты өзекті мәселелер қаралды. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары және мердігер ұйымдардан өкілдер қатысты.
Өңір басшысы жолаушылар тасымалы жүйесінің жұмысы тиімді болуы үшін әкімдік, тасымалдаушы компаниялар мен тұрғындар өзара бірлесе әрекет ету керегін атап өтті. Оның айтуынша, саладағы мәселелер жан-жақты сараланып, нақты шешімдер қабылдануы тиіс.
– Мемлекет тарапынан қомақты көлемде субсидия бөлінгеніне қарамастан, тұрғындардан түсетін шағым азаймай отыр. Наразылықтың дені автобустардың уақыт интервалының сақталмауы, қоғамдық көлік таршылығы, аялдамаларға тоқтамай өтіп кету және жүргізушілердің қызмет көрсету мәдениетіне қатысты, – деді Серік Шәпкенов.
Облыс әкімі аппаратының өңірлік даму және мониторинг бөлімінің басшысы Нұрболат Абсенов жолаушылар тасымалы бойынша қалыптасқан жағдай туралы баяндады. Оның мәліметінше, Атырау қаласында 38 бағыт бойынша 7 жеке компания қызмет көрсетеді, тасымалға 310 автобус жұмылдырылған.
– «Smart Atyrau» ЖШС жүргізген мониторинг нәтижесінде күн сайын желіге 287 автобус қана шығатыны анықталды. Ал 23 автобус рейсте жоқ. Сонымен қатар «109» бірыңғай байланыс орталығына қоғамдық көлік жұмысына қатысты түсетін өтініш саны артқан. 2025 жылы 20 028 өтініш тіркелсе, биылғы 15 маусымындағы жағдай бойынша олардың саны 9 035-ке жетті, – деді Нұрболат Абсенов.
Облыс әкімі тасымалдаушы ұйымдардың жұмысын, оның ішінде «Smart Atyrau» жүйесі арқылы бақылауды күшейтуді және автопарктердің жауапкершілігін арттыруды тапсырды.
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әсет Оразғалиев саланы дамыту бағытындағы жұмыстар жайында хабардар етті. Оның айтуынша, өңірде 91 бағыт бойынша 12 ұйым жолаушылар тасымалымен айналысады. Биыл қоғамдық көлікті субсидиялауға 15,5 млрд теңге қарастырылған. Былтыр бұл көрсеткіш 9,3 млрд теңге болған.
– Субсидия көлемінің артуына бірнеше фактор әсер етті. Атап айтқанда, қалада және қала маңындағы елді мекендерге жаңа бағыттардың ашылуы, жүргізушілер санының 2025 жылғы 522 адамнан 2026 жылы 620 адамға дейін көбеюі, сондай-ақ жанар-жағармай, қосалқы бөлшектер, жөндеу және техникалық қызмет көрсету шығындарының өсуі себеп болды. Бұдан бөлек, электронды билет және диспетчерлік басқару жүйесіне жұмсалатын шығындар 15 пайызға артты, – деді ол.
Атырау қаласы әкімінің орынбасары Тілек Махуов жолаушылар тасымалын жетілдіру бағытында қолға алынған шаралар туралы ақпарат берді. Оның айтуынша, 2026 жылдың басынан бері тұрғындардың автобустардың жүру кестесіне қатысты өтініші айтарлықтай көбейген. Осыған байланысты жолаушылар ағынына талдау жүргізіліп, қозғалыс кестелері қайта қаралған. Нәтижесінде автобустардың қатынау аралығы 5-15 минутқа дейін қысқартылып, бағыттар мен рейстер санына өзгерістер енгізілген.
Серік Шәпкенов кеңесті қорытындылап, жолаушылар тасымалы жүйесінің ашықтығын қамтамасыз етуді тапсырды. Оның айтуынша, жолаушылар саны артқан жағдайда маршруттық желіні соған жедел бейімдеу қажет. Бұл үшін қозғалыс жиілігін көбейту, сыйымдылығы жоғары автобустарды пайдалану, сондай-ақ маршруттар мен кестелерді уақытылы өзгертіп отыру керек.
Сондай-ақ өңір басшысы қоғамдық көлік жұмысына цифрлық бақылау құралдарын кеңінен енгізу қажетін атап өтті. Оның ішінде жүргізушілердің талаптарды сақтауын қадағалау және жол инфрақұрылымының жай-күйін тұрақты талдау да қамтылуы керегі айтылды. Облыс әкімі тұрғындар тарапынан жиі шағым еститін, ережеге бағынбайтын тасымалдаушыларға қатысты материалдар зерделеніп, оларды қаржыландыру көлемін қайта қарау мәселесін көтеру керегін баса айтты.