
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен «Силлено» ЖШС мен «KMG PetroChem» ЖШС-нің жобаларын іске асыруға тартылған мердігер және қосалқы мердігер ұйымдарды тіркеу мәселелеріне арналған кеңес өтті.
Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, сондай-ақ мұнай-химия компанияларынан өкілдер қатысты.
Облыс әкімі өңірде мұнай-газ химиясы мен қайта өңдеу салаларында ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатқанын, олардың экономиканың дамуына серпін беретінін атап өтті.
– Бұл жобалар жаңа жұмыс орындарын ашып, өндіріс көлемін арттырады әрі өңірдің дамуына оң әсер етеді. Сонымен бірге мұнда жұмыс істейтін компаниялардың облыс экономикасының дамуына нақты үлес қосуы маңызды. Яғни салық төлеу, жергілікті халықты жұмыспен қамту және облыста тіркелу – басты талаптардың бірі, – деді Серік Шәпкенов.
Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Отызбай Адаев баяндама жасап, жобаларға тартылған бірқатар мердігер ұйымның еліміздің басқа өңірінде тіркелгенін, бірақ іс жүзінде Атырау облысында жұмыс істеп жатқанын айтты.
– «Силлено» жобасы бойынша 11 мердігер тартылған. Олардың 2025 жылғы салық түсімі 18,2 млрд теңгені құрады, алайда бұл қаражат басқа облыстың бюджетіне түскен. Осындай жағдай «KMG PetroChem» жобасында да бар: мұнда жеті мердігер компания жұмыс істейді, олардың қызметінен түскен салық көлемі 9,4 млрд теңге болды, – деді Отызбай Адаев.
Өңір басшысы ірі инвестициялық жобаларды іске асыруда жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту, облыс бюджетіне түсетін салық түсімдерін арттыру және жергілікті мамандарды қолдау басым бағыт болуы керегін атап өтті.
Өз кезегінде «Силлено» ЖШС директорының орынбасары Хабибулла Каримов компания қызметкерлерінің шамамен 80 пайызы Атырау облысында тіркелгенін айтты.
– Негізгі халықаралық серіктестер – Tecnimont, SINOPEC Shanghai Engineering және Sinopec Engineering & Construction Атырау қаласында филиалдарын ашты. Бірқатар қосалқы мердігер ұйым да өңірде тіркеліп, жергілікті қамту үлесін арттыруға мүмкіндік беріп отыр, – деді Х. Каримов.
Кеңес соңында Серік Шәпкенов бір апта ішінде мердігер ұйымдарды Атырау облысында тіркеу, жергілікті қамтуды арттыру және қызметкерлерге тең еңбек жағдайын қамтамасыз ету бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.