
Іс-шара барысында жастарға еліміздегі қоғамдық-саяси жаңғырулар, республикалық референдумның маңызы және алдағы Құрылтай сайлауы туралы кеңінен ақпарат берілді. Кездесудің негізгі мақсаты – студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыру, азаматтық ұстанымын нығайту және олардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына ықпал ету.
Кездесу кезінде Конституциялық реформалар нәтижесінде енгізілген өзгерістер, азаматтардың мемлекеттік басқару ісіне қатысу мүмкіндіктері және өкілді институттардың рөлі жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар Құрылтайдың қоғам мен мемлекет арасындағы тиімді байланысты қамтамасыз етудегі орнына ерекше назар аударылды.
Студенттерге Құрылтайдың қалыптасу тәртібі, оның құрамына енетін өкілдер және қызметінің негізгі бағыттары жөнінде мәліметтер ұсынылды. Сондай-ақ жастар жаз мезгілінде өтетін Құрылтай сайлауына белсенді қатысуға шақырылды.
Кездесу соңында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Ашық форматта өткен іс-шара жастардың қоғамдық-саяси үдерістерге деген қызығушылығын арттырып, олардың азаматтық жауапкершілігін күшейтуге ықпал етті.