
Соңғы бес жылда Қазақстанда акваөсіру саласы қарқынды дамып, балық өсірумен айналысатын шаруашылықтар саны 700-ге жетті. Бұл туралы Атырауда өткен «Қазыналы Каспий» халықаралық балық форумында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сермағамбетов мәлімдеді, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Оның айтуынша, 2021 жылдан бері акваөсіру шаруашылықтарының саны төрт есеге көбейген. Қазір елдегі кәсіпорындар жылына 26 мың тоннаға дейін тұқы, бекіре және албырт тұқымдас балық өндіреді.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес балық шаруашылығын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соңғы жылдары акваөсіру саласына қызығушылық артып, инвестиция көлемі де көбейіп келеді, – деді Серік Сермағамбетов.
Спикердің сөзінше, саланы одан әрі дамыту мақсатында 2025 жылы «Акваөсіру туралы» заң қабылданған. Құжат мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіруге, ғылыми сүйемелдеуді күшейтуге және инвестиция тартуға бағытталған.
Қазір елімізде жалпы құны 60 млрд теңгеден асатын 40-тан астам инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Солардың бірі – Каспий теңізінде норвегиялық технология бойынша теңіз форелін өсіруге арналған «Organic Fish» жобасы. Кәсіпорын жылына 5 мың тоннаға дейін өнім өндіруге қауқарлы.
Форумда мамандар акваөсірудің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызы артып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар бұл бағыт табиғи су айдындарындағы балық қорына түсетін жүктемені азайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, елімізде 2030 жылға дейінгі балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Бағдарламаның негізгі мақсаттарының бірі – акваөсіру өндірісін ұлғайтып, экспорттық әлеуетті арттыру.