
Атырауда «Каспий маңындағы серіктестік: балық шаруашылығы мен акваөсірудің тұрақты дамуы» атты халықаралық салалық форум өтіп жатыр. Іс-шара Каспий маңы мемлекеттері өкілдерін, жетекші ғалымдарды, сарапшылар мен сала мамандарын бір алаңға жинады. Н. Балғымбаев атындағы орталықта ұйымдастырылған жиынға қатысушылар Каспий теңізінің экожүйесін сақтауға және балық шаруашылығын одан әрі дамытуға қатысты стратегиялық маңызды мәселелерді талқылауда.
Форумды Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов ашып, Атырау облысының тарихи тұрғыда балық шаруашылығы саласының орталығы екенін атап өтті. Мұнда бекіре тұқымдас балықтарды көбейту және балық өнімдерін өңдеумен айналысатын негізгі кәсіпорындар шоғырланған.
– Өңірде саланы одан әрі дамытуға, заманауи технологияларды енгізуге және инвестиция тартуға зор әлеует бар. Атырау облысы алдағы уақытта дәстүрлі балық аулау бағытынан балық өсіру және аквакультураны дамыту бағытына кезең-кезеңімен көшуді көздеп отыр. Осы мақсатта Дамбы ауылдық округі аумағынан балық өсіруге қолайлы 100 гектар жер телімін аквазона ретінде қалыптастыру жобасы дайындалуда. Бұл бастама табиғи балық қорына түсетін жүктемені азайтып, өңірде тауарлы балық өндірісін ұлғайтуға, кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасауға және балық шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Каспий маңы елдері арасындағы тәжірибе алмасу, мемлекет, ғылым және бизнес арасындағы ашық диалог балықтың биоалуантүрлілігін сақтауға және саланың тұрақты дамуына сеп болатын жаңа тәсілдерге жол ашады деп сенемін. Форумға қатысып, ынтымақтастыққа ниет білдіргендеріңізге және саланың дамуына қосқан үлестеріңіз үшін алғыс айтамын, – деді Серік Шәпкенов.
Қатысушылар пленарлық сессия барысында су биоресурстарын сақтау, балық шаруашылығы кешенін жаңғырту, тауарлы балық өсіруді дамыту және саланың экспорттық әлеуетін арттыру мәселелерін қарастырды.
Форум аясында ұйымдастырылған балық өнімдері мен тағамдар көрмесінде аймақтың балық шаруашылығындағы әлеуеті таныстырылды. Оған Атырау облысынан 13 кәсіпкер қатысты. Көрме жергілікті өндірушілердің мүмкінігін және балық өңдеу ісін одан әрі дамыту перспективаларын паш етті.
Форум аясында фидерлік спорттық балық аулау жарыстары, балық өнімдерінің жәрмеңкесі, «Каспийдің үздік тағамы» аспаздар байқауы, балық кәсіпорындарына экскурсиялар, Жайық өзеніне балық шабақтарын жіберуге арналған экологиялық акция және мәдени-ойын-сауық бағдарламалары да ұйымдастырылады.