
Жоба аясында 500 кВ «Қарабатан» қосалқы станциясын салу, 500 кВ «Өлке» қосалқы станциясын кеңейту және «Өлке – Қарабатан» әуе электр желісін тарту жұмыстары басталды.
Нысандар толық іске қосылған жағдайда батыс өңірі елдің ортақ электр жүйесімен тікелей байланысып, аймақтағы жарықпен қамту тұрақтылығы артады.
Бұл туралы жоба аясында салынып жатқан нысандарға «KEGOC» АҚ ұйымдастырған баспасөз туры барысында мәлім болды, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Қазір «Қарабатан» және «Өлке» қосалқы станцияларына қажетті негізгі жоғары кернеулі жабдықтар толық жеткізілген.
Бүгінде «Қарабатан» қосалқы станциясында құрылыс-монтаж жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Ал «Өлке» қосалқы станциясында электр тарату құрылғысын кеңейтуге дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Жоба іске қосылғаннан кейін өнеркәсіп орындарының тұрақты жұмыс істеуіне жағдай жасалып, бизнес дамуына және тұрғындарды сапалы электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар «Өлке – Қарабатан» электр желісінің құрылысы бірнеше учаскеде қатар жүргізілуде. Қазір тіректерге арналған 4 731 іргетастың 4 156-сы орнатылып, 775 металл тіректің 619-ы құрастырылған. Құрылыста қолданылып жатқан материалдардың басым бөлігі отандық өнімдер.
Мамандардың айтуынша, бұл жоба ұлттық электр желісін күшейтіп, батыс өңірдің энергиямен қамтылуын тұрақты етуге және өңірдің өнеркәсіптік, әлеуметтік дамуына берік негіз қалыптастырады.