
Атырауда соңғы күндері жауын-шашынның жиі жаууы мен теңізден соққан желдің әсерінен маса көбейіп, дезинсекциялық жұмыстар күшейтілді.
Қала бойынша маса улау жұмыстарын «AG Disinfection Services» ЖШС атқаруда. Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, дезинсекциялау күн сайын кешкі сағат 22:00-ден түнгі 02:00-ге дейін жалғасады. Қазір жұмыстар күшейтілген режимде ұйымдастырылып, күн сайын 3-4 рейспен жүргізілуде.
– Масамен күрес үш кезең бойынша жүзеге асады. Дезинсекция кезінде «Агран», «Мистраль», «Фаскон», «Сольфак» және «Циперметрин» препараттары қолданылады. Бұл құралдар адам денсаулығы мен үй жануарларына зиянсыз. Барлық ерітінділер арнайы зертханада дайындалып, тиісті тексеруден өтеді, – деді «AG Disinfection Services» ЖШС директорының орынбасары Гүлсара Махметқызы.
Ерік көпірі мен Атырау мұнай өңдеу зауыты маңындағы «Сасық сай» учаскесі масаның көбею ошағы ретінде белгілі. Осыған байланысты бұл аумақта дронның көмегімен залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуде. Дрон арқылы шашылатын ерітінді 300 метр радиусқа таралып, әсер ету аумағы 2 шақырымға дейін жетеді. Мұндай жұмыстар масаның көбею деңгейіне қарай аптасына 1–2 рет атқарылады.
Бұдан бөлек, көпқабатты тұрғын үйлердің жертөлелері мен кіреберістерінде, су айдындары мен ылғалды аумақтары да залалсыздандырылуда. Жұмыстар жаз бойы жалғасады.
Айта кетейік, дезинсекция жұмыстары қатты жел немесе жауын-шашын кезінде уақытша тоқтатылады.