
Атырауда ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыровтың және облыс әкімі Серік Шәпкеновтің қатысуымен өңірлік инвестициялық штаб отырысы өтті.
Жиында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызды инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері қаралды. Отырысқа қатысушылар инвестиция тарту, салық базасын кеңейту, инфрақұрылымды дамыту және инвесторларды мемлекеттік қолдау шараларына ерекше назар аударды.
Жиында сөз сөйлеген Әлібек Қуантыров Атырау облысы ел экономикасының негізгі орталықтарының бірі екенін атап өтті. Елдегі мұнайдың 60 пайыздан астамы және газдың шамамен 80 пайызы Атырауда өндіріледі.
– Бүгінде Үкімет алдында 2029 жылға қарай ұлттық экономика көлемін
450 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайту, сондай-ақ кемінде
150 млрд АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестициялар тарту
жөніндегі стратегиялық міндет тұр. Осы мақсатта инвестициялар
тартудың үш деңгейлі жүйесі қалыптастырылды: сыртқы деңгейде –
шетелдегі мекемелер, орталық деңгейде – мемлекеттік органдар, өңірлік деңгейде – әкімдіктер. Аталған жүйе аясында «инвестициялық тапсырыс» негізгі
құралдардың біріне айналуда. Бұл жай ғана жобалар тізбесі емес, өңірдің
бәсекелестік артықшылықтарын ескере отырып, инвесторларға арналған нақты ұсыныстарды қалыптастыру бойынша мақсатты жұмыс, - деді Ә. Қуантыров.
Өңір басшысы Серік Шәпкенов облыста бірқатар ірі стратегиялық жоба жүзеге асырылып жатқанын айтты. Олардың қатарында «Силлено» ЖШС, «KMG PetroChem» ЖШС жобалары және бутадиен өндіру жобасы бар. Оның айтуынша, Атырау облысы экономиканы біртіндеп әртараптандырып, мұнай сервистік бағыттан ауыр машина жасау мен мұнай-газ химиясын дамытуға көшіп келеді. Дегенмен инвестициялық тартымдылықты арттыру үшін мердігер және қосалқы мердігер ұйымдардың салықтық есептілігін өңір аумағында жүргізу мәселесі өзекті болып тұр.
– Қазіргі таңда бірқатар кәсіпорын басқа өңірлерде тіркелген, соның салдарынан салық түсімдерінің бір бөлігі облыстан тыс жерлерге кетуде. Осыған байланысты кәсіпорындарды қайта тіркеу мүмкіндігін қарастыру қажет. Бұл өңірдің салық базасын кеңейтіп, жергілікті бюджет кірісін арттыруға мүмкіндік береді, – деді Серік Шәпкенов.
Сондай-ақ «Атырау» арнайы экономикалық аймағының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын салу мәселесі де көтерілді. Жобаны «Atyrau Innovations» ЖШС жүзеге асыруда. АЭА-ның толыққанды жұмыс істеуі, жаңа қатысушыларды тарту және инвестициялық жобаларды уақтылы іске қосу үшін келісу рәсімдерін жеделдету керектігі айтылды.
«Фибратекс» ЖШС директоры Азамат Асылбеков қалдықтарды терең өңдеу арқылы полиэфирлі штапель талшығын өндіру жобасы туралы баяндап, заттай грант беру мәселесін көтерді.
Сондай-ақ «Атырау вагон жасау зауыты» ЖШС директоры Аманқос Құлмағамбетов сөз сөйлеп, 2024 жылы пайдалануға берілген кәсіпорын жайында баяндады.
Жиынды қорытындылаған ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлибек Қуантыров көтерілген мәселелердің жедел әрі тиімді шешілуі қажет екенін айтты.
Өңір басшысы тиісті мемлекеттік органдарға мәселелерді пысықтап, инвестициялық жобалардың уақтылы іске асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды. Атырау облысында жалпы құны 7 трлн теңгеден асатын 60 инвестициялық жоба пулы қалыптастырылған. Оларды іске асыру нәтижесінде 6 000-нан астам тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Жұмыс сапары аясында Әлибек Қуантыров бірқатар өнеркәсіптік кәсіпорынды аралады. «Талшықтекс» ЖШС-інде тоқыма өндірісін дамыту және шикізатты терең өңдеу жобалары жөнінде айтылды. Ал «Фибратекс» алаңында өндірістік қуаттарды кеңейту және инвестициялық бастамаларды мемлекеттік қолдау шаралары талқыланды.