С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде биыл 4 мамандық ағылшын тілінде оқытылады. Мұнай-газ саласына мамандар даярлайтын жоғары оқу орындарына 2026–2027 оқу жылына қабылдау басталды, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Құжат қабылдау С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті мен оқу орны базасында ашылған И.М. Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінің филиалында жүргізілуде.
И.М. Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінің филиалына қабылдау конкурс негізінде жүргізіледі. Талапкерлер математика және орыс тілі пәндері бойынша жазбаша емтихан тапсырады. Бұл бағытқа түсу үшін ҰБТ сертификаты талап етілмейді. Биыл филиалға 100 мемлекеттік білім гранты бөлінген.
Оқу бағдарламалары мұнай-газ құбырлары мен қоймаларын жобалау және пайдалану, мұнай-газ технологиялары және кен орындарын геологиялық модельдеу бағыттарын қамтиды. Студенттер халықаралық деңгейдегі білім алып, Қазақстан мен Ресейдің жетекші оқытушыларынан дәріс тыңдайды. Сонымен қатар өндірістік тәжірибеден өту мүмкіндігі қарастырылған.
Филиал түлектеріне И.М. Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінің халықаралық деңгейде мойындалған дипломы табысталады.
Ал, биыл Атырау мұнай және газ университеті бакалавриат бойынша 21 білім беру бағдарламасына талапкерлер қабылдайды. Олардың қатарында мұнай инженериясы, геология, бұрғылау, өнеркәсіптік энергетика, автоматтандыру, құрылыс, IT, робототехника, ақпараттық жүйелер және экология бағыттары бар. Сонымен қатар оқу орнында биыл жаңа «Мұнай инженериясы» мамандығы ашылды.
Одан бөлек университетте 6 магистратура және 2 докторантура бағдарламасы жұмыс істейді. Оқу орнының басты артықшылықтарының бірі – дуальды оқыту жүйесі, қос диплом бағдарламалары, халықаралық академиялық ұтқырлық және өндірістік серіктестермен тығыз байланыс.
– Университет түлектерінің 92 пайызы оқу аяқталғаннан кейін үш ай ішінде жұмысқа орналасады. ҰБТ-ның шекті балы – 50. Қабылдау комиссиясы Атырау қаласы, Мұса Баймұханов көшесі, 45А мекенжайында орналасқан, – деді Қабылдау комиссиясының төрағасы Есенгелді Арыстаналиев.