
Атырауда пластик қалдықтарды қайта өңдеуге бағытталған ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Өндірістік нысанды «Фибратекс» ЖШС іске асыруда. Жоба өңірдегі экологиялық ахуалды жақсартып, қалдықтарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Кәсіпорын ПЭТ-бөтелкелерді өңдеу арқылы полиэфирлі штапельді талшық өндіреді. Өндірістік желі тәулігіне 20 тонна пластик қалдықты өңдей алады. Кәсіпорын толық қуатына шыққанда жылына 7 мың тонна дайын өнім өндіріп, 67 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды.
Өндіріс директоры Тұрлан Нұрлановтың айтуынша, өндіріс процесі үш кезеңнен тұрады.
– Алғашқы кезеңде пайдаланылған пластик бөтелкелер сұрыпталып, жуылып, өңдеуден өтеді. Соның нәтижесінде флекс деп аталатын ұсақ пластик шикізаты дайындалады. Кейін флекс арнайы қондырғыда жоғары температурада ерітіліп, полиэфирлі талшық алынады. Соңғы кезеңде талшық өңделіп, тұтынуға дайын өнім шығарылады, – деді ол.
Өнім өткізу нарығы да айқындалған. Жылына өндірілетін 7 мың тоннаның 3,6 мың тоннасы кәсіпорынның геосинтетикалық материалдар өндіретін өз қажеттілігіне жұмсалады. Ал 2,4 мың тонна өнім шетелге экспортталады.
Қазір өндірістік жабдықтарды орнату және іске қосу-баптау жұмыстары жүріп жатыр. Жоба іске қосылғаннан кейін өңірдегі қалдықтарды қайта өңдеу көлемі артып, жаңа жұмыс орындары ашылады. Сондай-ақ экспорттық әлеуетті күшейтіп, жасыл экономиканың дамуына үлес қоспақ.