
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Атырау өңіріне жұмыс сапары аясында жастармен кездесті. Жиында Сенат Спикері жаңа Конституцияның негізгі қағидаттарына тоқталып, оны мемлекетті дамытудың және саяси жүйені жан-жақты жаңғыртудың ұзақмерзімді бағытын айқындайтын стратегиялық құжат деп атады. Сенат Төрағасы елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды жаңғыртулардың қазіргі сын-қатерлерге жедел жауап бере алатын икемді мемлекеттік жүйе қалыптастыруға мүмкіндік беретінін айтты. Сонымен қатар ол жаңа Ата Заңның табысты іске асырылуы жастардың белсенділігіне, біліміне және жауапкершілігіне де байланысты екеніне тоқталды.
- Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен 15 наурызда республикалық референдум өтті. Нәтижесінде халық Мемлекет басшысының бастамасын қолдап, еліміздің жаңа Конституциясы қабылданды. Жаңа Ата Заң биылғы 1 шілдеден бастап ресми түрде күшіне енеді. Шын мәнінде, бұл – нағыз Халық Конституциясы. Ол Тәуелсіздік, Мемлекеттілік және азаматтардың құқықтары мен мүдделері ең жоғары құндылық саналатын Әділетті Қазақстан құрудың жаңа кезеңіне жол ашты. Бүгінде жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформалар мен жаңартылған институционалдық ортаның барлығы өскелең ұрпақтың игілігі үшін жасалып отыр. Жаңа Конституция жастарға зор мүмкіндіктер береді әрі үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондықтан жас буын осы реформалардың тарихи маңызын терең түсініп, оны жүзеге асыруға белсенді қатысуы қажет, – деді Сенат Төрағасы.
Мәулен Әшімбаев Әділетті Қазақстан құруда жастардың белсенді рөлі ерекше мәнге ие екенін айтып, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау шараларына және ұлттың жаңа келбетін қалыптастыратын құндылықтарға назар аударды. Оның айтуынша, бұл бағыттағы басты бағдар – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абайдың «Толық адам» іліміне негізделген «Адал азамат» тұжырымдамасы. Аталған тұжырымдамада еңбекқорлық, адалдық, кәсіби біліктілік, үздіксіз білім алу және отаншылдық әр азамат үшін басты құндылықтар ретінде айқындалған.