Парламент депутаттары Атырау облысының тұрғындарымен Каспий теңізі мен Жайық өзенінің экологиялық мәселелерін талқылады

Парламент депутаттары Атырау облысының тұрғындарымен Каспий теңізі мен Жайық өзенінің экологиялық мәселелерін талқылады

Бүгін Атырауда Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасында Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комиссияның XII отырысы өтті. Жиында қатысушылар Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу аясында Каспий теңізі мен Жайық өзенінің су экожүйелерін орнықты басқару мәселелерін талқылады. Сондай-ақ сенаторлар өңір жұртшылығымен және бірқатар әлеуметтік, өндірістік нысандардың еңбек ұжымдарымен кездесті.

Комиссия отырысында өңірдегі су бассейндерінің экологиялық ахуалына қатысты өзекті мәселелер қозғалды. Сенат Төрағасы ластану деңгейінің артуы, балық қорының азаюы және өңірдің экожүйесіне антропогендік әсердің күшеюі ерекше назар аударуды қажет ететінін атап өтті.

- Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі әлдеқашан өңірлік шеңберден шығып, жаһандық сипат алғанын әрдайым айтып келеді. Осы сын-қатерді еңсеру үшін Қазақстан Каспий теңізінің су ресурстарын сақтау жөніндегі мемлекетаралық бағдарлама әзірлеуге бастамашы болды. Мемлекет басшысы су мәселері бойынша халықаралық күн тәртібін ілгерілету мақсатымен Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында Астанада Су проблемаларын талдау орталығын құруды да ұсынды. Сондай-ақ БҰҰ-ның мамандандырылған агенттігі ретінде Халықаралық су ұйымын құру бастамасын көтерді. Жайық өзеніне қатысты мәселе де аса өзекті. Бұл түйткілдерді бір-бірінен бөлек қарастыруға болмайды. Оларды шешу үшін ведомствоаралық үйлестіру, ғылыми негізделген шешімдер, сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдардың, сарапшылар қауымдастығының, экологиялық қоғамдық ұйымдардың және халықаралық серіктестердің белсенді атсалысуы қажет, – деді Мәулен Әшімбаев.

Кездесуде Каспий теңізіне қатысты мәселеде жүйелі тәсілдің жеткіліксіз екені де айтылды. Жайық өзенінің атырауы мен Маңғыстау облысының жағалауы маңында теңіз 30-35 шақырымға дейін шегініп, соның салдарынан топырақтың тұздануы, экожүйелердің тозуы және балықтардың уылдырық шашу орындарының қысқаруы байқалып отыр. Құрамында улы шөгінділері бар шаңды дауылдардың туындау қаупі артып отырғанына да мән берілді. Парламенттік комиссияның Төрағасы Каспий теңізі мен Жайық өзенін сақтау мәселесі ұзақмерзімді экологиялық қауіпсіздіктің, азаматтардың өмір сүру сапасының және бүкіл Каспий маңы өңірінің орнықты дамуының кепілі екенін тілге тиек етіп, Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу жолында мемлекет, ғылым, азаматтық қоғам, бизнес және халықаралық серіктестердің алдағы бірлескен жұмысының негізгі бағыттарын айқындап берді.

Парламенттік комиссияның отырысына Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, сондай-ақ, Ауыл шаруашылығы, Экология және табиғи ресурстар, Ұлттық экономика министрліктерінің өкілдері қатысты.

Іс-шарада БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа, су ресурстарын басқару және климаттың өзгеру мәселелері жөніндегі халықаралық сарапшы, Орталық Азия су ресурстарын басқару және климаттың өзгеруі жөніндегі платформаның үйлестірушісі Болат Есекин, өңір әкімдіктерінің басшылығы, қоғамдық және халықаралық ұйымдардың өкілдері баяндама жасады.

Мемлекеттік органдардың өкілдері мен сарапшылар алдағы бірлескен жұмысты ұйымдастыруға қатысты ұсыныстар мен бастамаларын ортаға салды. Сенат Төрағасы олардың іске асырылу барысы қоғамның және барлық мүдделі тараптың бақылауында болатынын атап өтті.