
Атырау облысында медициналық мекемелерді заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. Бұл бағыт әлеуметтік жауапкершілік аясындағы жобаларда да басымдыққа ие.
Осы бағдарлама аясында Махамбет аудандық ауруханасына Теңізшевройл компаниясы жалпы құны 660 миллион теңге тұратын заманауи медициналық жабдықтар алып берді, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Қайырымдылық көмектің нәтижесінде ауданда алғаш рет компьютерлік томография жүйесі іске қосылған.
-Құрылғы 24 сәуірден бастап пайдалануға берілді. Содан бері 160 науқас тексеруден өтіп, олардың арасынан бір онкологиялық ауру дерегі анықталды. КТ аппаратының орнатылуы тұрғындар үшін үлкен қуаныш болды. Әсіресе науқастардың диагнозын уақытылы әрі ерте анықтауға мүмкіндік беріп отыр, – деді аурухана дәрігері Айжан Романова.
Бұдан бөлек, мекемеге науқас жағдайын бақылау аппараты, тіс емдеуге арналған рентген құрылғысы, операциялық шамдар, стоматологиялық қондырғы, ультрадыбыстық тексеру аппараты, көзді тексеру аппараты және өзге де медициналық техникалар берілген.
Жаңа медициналық құрылғылар салтанатты түрде табысталды. Іс-шара барысында аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев демеуші компанияға алғыс айтып, бұл бастама тұрғындардың денсаулығын жақсартуға бағытталған маңызды қолдау екенін атап өтті.
Айта кетейік, соңғы алты айда Теңізшевройл компаниясы Атырау облысындағы 14 медициналық ұйымға жалпы құны 4 миллиард теңгені құрайтын медициналық құрал-жабдық тарту еткен.