Атырау облысында өндірістік жарақаттану деңгейі 20 пайызға төмендеді

Атырау облысында өндірістік жарақаттану деңгейі 20 пайызға төмендеді

Атырауда облыс әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен жиын өтіп, онда еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өндірістік қауіпсіздік мәселелері қаралды.

Басқосуға әкім орынбасарлары, басқарма басшылары мен мемлекеттік еңбек инспекциясының өкілдері қатысты.

Жиын барысында өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алу мәселесіне ерекше назар аударылды. Өңір басшысы еңбеккерлердің қауіпсіздігі әрбір жұмыс берушінің басты міндеттерінің бірі болуы тиіс екенін атап өтті.

Атырау облысы мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Игілік Әубәкіровтің мәліметінше, өңірде 2026 жылғы алғашқы төрт айда өндірісте 24 жазатайым оқиға тіркелген. Бұл былтырғыдан 20 пайызға аз.

Жазатайым оқиғалардан 25 қызметкер зардап шеккен. Ал негізгі себептер ретінде жұмыс берушілердің еңбек қауіпсіздігін тиісті деңгейде қамтамасыз етпеуі мен қызметкерлердің қауіпсіздік талаптарын сақтамауы атап көрсетілді. Әр жағдай бойынша арнайы комиссиялар құрылып, тиісті тексеру жұмыстары жүргізілген.

Жыл басынан бері еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарын бұзған 33 кәсіпорын әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға жалпы көлемі 15,9 миллион теңгеден астам айыппұл салынған.

Жиын соңында Серік Шәпкенов өңір кәсіпорындарында еңбек және өндірістік қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылауды күшейтуді тапсырды.