Атырауда «Naryn Fest» экстрим фестивалін өткізу жоспарлануда

Атырауда «Naryn Fest» экстрим фестивалін өткізу жоспарлануда

Бұл — өңірдің туристік әлеуетін арттыруға және туристер ағынын көбейтуге бағытталған ауқымды іс-шаралардың бірі. Қазір Атырау облысында туризм саласын дамыту жұмыстары қарқын алып, өңірдің табиғи және мәдени нысандарын насихаттауға басымдық берілуде.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының Туризмді дамыту бөлімінің басшысы Алима Рамазанова мен «VisitAtyrau» туристік ақпараттық орталығының директоры Қайсар Махсутов мәлімдеді.

Қазір облыста 272 туристік нысан жұмыс істейді. Олардың қатарында қонақ үйлер, туроператорлар, жол бойындағы сервис нысандары мен этноауылдар бар.

Биыл «VisitAtyrau» туристік ақпараттық орталығы «KITF Almaty» халықаралық көрмесіне қатысып, Атыраудың туристік мүмкіндіктерін таныстырды. Сонымен қатар Ақкерегешың – Иманқара бағыты бойынша ұйымдастырылған экспедицияға 130-дан астам турист қатысқан.

Бұдан бөлек, өңірде агротуризмді дамыту мақсатында кәсіпкерлерге арналған семинарлар өткізіліп, ауыл туризмін дамытуға бағытталған жобалар қолға алынған. Ал «Саяхат дәмі бар кофе» жобасы аясында кофеханаларда облыстың көрікті жерлері бейнеленген QR-коды бар арнайы стақандар ұсынылуда.

Былтыр өңірге 187 мыңнан астам турист келген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 19,6 пайызға көп. Оның 166 мыңы – ішкі туристер, ал 21 мыңы – шетелдік қонақтар. Сонымен қатар биылғы алғашқы төрт айда туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 15,6 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есеге артқан.

Брифинг барысында жазғы туристік маусымға дайындық мәселесі де айтылды. Биыл Атырау қаласында жеті жағажай ашу жоспарланған. Олардың қатарында «Балықшы», «Геолог», «Жилгородок» аумақтары және ауылдық округтердегі демалыс орындары бар. Қазір жағажайларда абаттандыру, жарықтандыру, санитарлық және қауіпсіздік инфрақұрылымын дайындау жұмыстары жүргізілуде. Нысандарды 1 шілдеге дейін іске қосу көзделген.

Сондай-ақ өңірдегі туристік орындарға апаратын жолдарды жақсарту жұмыстары жалғасып жатыр. Атап айтқанда, Ақмешіт қорымы мен Ақкерегешыңның борлы тауына баратын жолдар жөнделуде. Құрманғазы ауданындағы лотос алқабында туристерге қолайлы жағдай жасау үшін қарау алаңдары мен автотұрақтар салынған.

Спикерлердің айтуынша, алдағы уақытта өңірде «Naryn Fest» экстрим фестивалі, «Lotus Fest 2026» және «Tour de Saraishyq» халықаралық велошеруі секілді ауқымды туристік жобаларды өткізу жоспарланып отыр.