Атырауда «Алмалы» заманауи оңалту орталығы ашылды

Атырауда «Алмалы» заманауи оңалту орталығы ашылды

Атырауда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған заманауи «Алмалы» оңалту орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Әлеуметтік маңызы зор нысан Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың IV отырысындағы тапсырмасы негізінде пайдалануға берілді.

Іс-шараға Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, мемлекеттік органдар өкілдері, ардагерлер мен өңір тұрғындары қатысты.

Жалпы аумағы 22 мың шаршы метрді құрайтын үш қабатты орталықтың құрылысы 2023 жылы басталған. Бір мезетте 150 адамды қабылдай алатын мекеме балалар мен ересектерге кешенді оңалту қызметін көрсетеді. Жаңа орталықтың ашылуы нәтижесінде өңірде көрсетілетін қызмет көлемі едәуір артпақ. Бұған дейін жыл сайын шамамен 1100 ерекше қажеттілігі бар азамат оңалту көмегін алса, енді олардың саны 2300 адамға дейін көбейеді.

Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген облыс әкімі әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мен ерекше қажеттілігі бар азаматтарды қолдау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

– Бұл орталық мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетеді. Осындай маңызды әлеуметтік нысанның іске қосылуы – облысымыз үшін үлкен қуаныш. Бұл – әр адамға тең мүмкіндік беретін инклюзивті қоғам қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Жобаның жүзеге асуына үлес қосқан барша азаматқа алғыс айтамын. Ұжымға табысты еңбек, ал орталық көмегіне жүгінушілерге мықты денсаулық пен тезірек сауығып кетуді тілеймін, – деді Серік Шәпкенов.

Орталықта тірек-қимыл аппараты бұзылған, балалар церебралды сал ауруына шалдыққан, Даун синдромы мен аутизм спектріндегі ауытқулары бар 3 пен 18 жас аралығындағы балаларға кешенді оңалту қызметі көрсетіледі. Мұнда АВА-терапия кабинеттері, механотерапия залдары, сенсорлық интеграция бөлмелері, сондай-ақ еңбек және арт-терапия шеберханалары бар.

Ересектерге, оның ішінде І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтарға да қолайлы жағдай жасалған. Орталықта физиотерапия кабинеттері, заманауи құрылғылармен жабдықталған емдік дене шынықтыру залы, бассейн және су емдеу кешені жұмыс істейді.

«Алмалы» мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік оңалту орталығының директоры Анар Қаюпованың айтуынша, қызметі алты негізгі бағыт бойынша ұйымдастырылған. Олар – әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, әлеуметтік-еңбек және мәдени оңалту жұмыстары.

– Орталық кешенді оңалтуға арналған заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Әрбір қызмет алушыға жеке оңалту және әлеуметтік бейімдеу бағдарламасы әзірленеді. Дәрігерлер, мейіргерлер, психологтар, логопедтер, дефектологтар және басқа да мамандарды қоса алғанда, 189 қызметкер еңбек етеді, – деді Анар Қаюпова.

Қазіргі таңда Атырау облысында 27 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат тұрады. «Алмалы» орталығының ашылуы — әлеуметтік саладағы елеулі жаңалық және ерекше қажеттілігі бар жандарға жайлы орта құру бағытындағы кезекті бір маңызды қадам.