Аймақ басшысы Серік Шәпкенов тұрғындарды қабылдады

Аймақ басшысы Серік Шәпкенов тұрғындарды қабылдады

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Кезек тәртібімен қабылдауға келген тұрғындар денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, тұрғын үйге кезекке тұру және баспанамен қамту, жер телімін алу, ауылдардағы көлік қатынасына қатысты мәселелерді көтерді.

Құрманғазы ауданының тұрғыны өзіне қызметтік тұрғын үй беруді сұрады. Оның айтуынша, аудан ауылдарының бірінде жұмыс істейді және күн сайын жұмыс орнына қатынау қиындық туғызады.

Қабылдауда ерекше қажеттілігі бар азаматтарды тасымалдау мәселесіне де назар аударылды. Тұрғындардың бірі І топ мүгедектігі бар адамдарға Атырау қаласында электронды билет алу мүмкіндігі қарастырылғанымен, аудандарда мұндай жүйе жоқ екенін айтты. Өңір басшысы елді мекендер арасында кедергісіз қатынауды қамтамасыз ету үшін бірыңғай база мен ыңғайлы жүйе қалыптастыру қажет екенін атап өтті.

Қабылдауға келгендер қатарында Ауған соғысының 71 жастағы ардагері де бар. Ол 2025 жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрғанын айтып, пәтер алуға көмектесуді сұрады.

Аймақ басшысы Отбасы банк арқылы тұрғын үй беру заңнамаға сәйкес кезек тәртібімен жүретінін түсіндіріп, банк өкілдеріне баспана алу тетіктері мен қолданыстағы бағдарламаларды жан-жақты түсіндіруді тапсырды.

Серік Шәпкенов мұң-мұқтажын айта келген әр азаматты мұқият тыңдап, жауапты мемлекеттік органдарға әр өтініш бойынша заң аясында тиісті шара қабылдауды тапсырды.