Атырауда 460-қа жуық кәсіпкерлік жобаға қолдау көрсетілді

Атырауда 460-қа жуық кәсіпкерлік жобаға қолдау көрсетілді

Бұл туралы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының Атырау өңірлік филиалының директоры Берік Қадыров Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.

Оның сөзінше, өңірде кәсіпкерлерге субсидиялау, кепілдік беру және жеңілдетілген несие беру бағыттары бойынша қолдау көрсетіліп келеді.

- 2010 жылдан бері аймақта 11 700 жоба мемлекеттік қолдауға ие болды. Жалпы қолдау көлемі 622 млрд теңгені құрайды. Қазір кәсіпкерлер үшін «Іскер Аймақ» және «Өрлеу» бағдарламалары жүзеге асырылып жатыр, – деді Б.Қадыров.

Брифинг барысында «Іскер Аймақ» бағдарламасы арқылы өңдеу өнеркәсібі саласындағы кәсіпкерлерге 200 млн теңгеге дейін қаржылай көмек көрсетілетіні айтылды. Ал «Өрлеу» бағдарламасы аясында өңдеу өнеркәсібі, туризм, IT және креативті индустрия бағыттарына 7 млрд теңгеге дейін жеңілдетілген несие берілмек.

Сонымен қатар кәсіпкерлерге арналған мобильді фронт-офистер іске қосылып, шалғай аудандардағы кәсіпкерлерге мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңес беріледі.