Атырауда ай сайын 1 тоннаға жуық тағамдық көк шөп өсіріледі

Атырауда ай сайын 1 тоннаға жуық тағамдық көк шөп өсіріледі

Биыл атыраулық кәсіпкер Зүлфия Қазимова 4 мыңға жуық көшет отырғызған. Ол жылыжай шаруашылығының қыр-сырын 2023 жылы Мәскеуде меңгеріп, кейін микрожасыл мен жапырақты шөп өсірумен айналыса бастаған. Бүгінде жабық ғимаратта автоматтандырылған суару жүйесі арқылы көк шөптің бес түрі өсіріледі.

– Біз гидропониканың су астында қалдыру әдісін қолданамыз. Әр желінің астында қоректік ерітінді құйылған арнайы ыдыс бар, оны сағат сайын жаңартып отырамыз. Тұқым күн сайын егіледі. Өнімді 29-30 күннен кейін аламыз. Салат жарырағын өсіру оңай шаруа емес. Біз алғашында су сапасына байланысты қиындықтарға тап болдық. Судағы хлорид мөлшері жоғары болғандықтан өнім көлемі азайды. Сол себепті суды тазартатын жаңа құрылғылар сатып алдық. Қазір мұнда зиянды қоспаларды сүзгіден өткізетін «Осмос» жүйесі орнатылған, – дейді З. Қазимова.

Биыл жергілікті өнімнің бір қаптамасы 1000 теңгеден сатылуда. Мұнда тәулігіне күн сайын 500 қаптамадай дайын өнім шығарылады. Ал ай сайынғы өндіріс көлемі шамамен 1 тоннаға жетеді.

– Әзірге өндіріс көлемі шағындау. Алдағы уақытта «Даму» бағдарламасының көмегімен жылыжай аумағын 350 шаршы метрге дейін кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Онда төрт қабаттың орнына сегіз қабатты жүйе болады. Сонда Атырау қаласын толықтай қамтамасыз ете аламыз, – дейді серіктес Ербол Бердібаев.

Қазір жылыжайда алты маман еңбек етеді. Зүлфия Қазимованың айтуынша, өнім 20 сауда орнына жеткізіледі. Жылыжай шаруашылығын дамыту тұрғындарды жыл бойы балғын көк шөппен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін айта кеткен жөн.