
Атырау облысы Мақат ауданында өткен «Eco Steppe Fest Makat» экологиялық фестивалі аясында тұрғындар үш сағат ішінде 12 тонна қоқыс жинап, рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Ауқымды шара барысында сенбілікпен қатар экокөрме, экологиялық сабақтар мен танымдық іс-шаралар ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Республикалық «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өткен фестивальге 2000-нан астам тұрғын қатысты. Қатысушылар бір мезетте 21 шақырым аумақта тазалық жұмыстарын жүргізіп, өңірдегі экологиялық мәдениетті қалыптастыруға үлес қосты.
Мақат ауданының әкімі Азамат Мәмбетовтің айтуынша, мұндай көлемдегі экологиялық бастама халықаралық ұйымдардың да назарын аударған.
— Үш сағат ішінде 12 тонна қоқыс жиналды. Бұл көрсеткіш халықаралық «Global Best Of Records» ұйымының назарына ілікті. Аталған ұйым Азия мен Африка елдеріндегі ерекше жетістіктерді тіркеп, сертификаттайды. Бұған дейін Қазақстанның бірнеше өңіріндегі ұлттық және этноспорттық рекордтар осы ұйым арқылы тіркелген, — деді аудан әкімі.
Фестиваль қорытындысында «Азия және Африка рекордтар бөлімінің бас офицері» Қуандық Құдайбергенов Мақат ауданының әкімі Азамат Мәмбетовке Алғыс хат табыстап, арнайы төсбелгі мен рекордтық статуэтканы ұсынды. Сондай-ақ акцияға қатысушылар саны ресми тіркеліп, фестиваль салтанатты жабылу рәсімімен қорытындыланды.