Исатай аудандық ауруханасы жаңа жабдықтармен толықты

Исатай аудандық ауруханасы жаңа жабдықтармен толықты

Атырау облысында медициналық мекемелерді заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. Бұл бағыт әлеуметтік жауапкершілік аясындағы жобаларда да басымдыққа ие.

Осы бағдарлама аясында “Каспий Құбыр Консорциумы-Қ” Исатай аудандық ауруханасына жалпы құны 78 миллион теңге тұратын заманауи медициналық жабдықтар алып берді. Қайырымдылық көмектің нәтижесінде аурухананың материалдық-техникалық базасы ультрадыбыстық диагностикалық жүйемен, жаңа туған нәрестелерге арналған жылытылатын ашық реанимациялық жүйемен және инкубатормен толысты.

— Жаңа технологиялар негізіндегі жабдықтар аудан дәрігерлеріне сапалы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл ұрпақ саулығын нығайтуға да оң әсерін тигізеді. Біз компанияның әлеуметтік жауапкершілігін адамдардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған осындай нақты жобалар арқылы көрсетіп келеміз, — деді “Каспий Құбыр Консорциумы-Қ” АҚ Бас директорының ҚР Үкіметімен байланыс жөніндегі орынбасары Қайыргелді Қабылдин.

Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев мұндай бастамалардың денсаулық сақтау саласын дамытудағы маңызын атап өтіп, компанияға ризашылығын білдірді.