“Халық қаһарманы” Кенжебай Мәденов: Қазақстан тарихында таңбаланған жеңіс

“Халық қаһарманы” Кенжебай Мәденов: Қазақстан тарихында таңбаланған жеңіс

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Ұлы Отан соғысының ардагері, аты аңызға айналған марқұм майдангер Кенжебай Мәденовтің отбасымен кездесті. Даңқты жауынгерге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі — “Халық қаһарманы” атағы беріліп, “Алтын жұлдыз” айрықша ерекшелік белгісі және “Отан” орденімен марапатталды.

Кездесуге батырдың ұлы мен немересі Махамбет пен Батырбек Мәденовтер, келіні Шолпан Жанұзақова, Атырау облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов, “ҚР ҰҚК органдарының ардагерлері” РҚБ Атырау облыстық филиалының төрағасы Роман Мақсотов, ардагерлер мен этномәдени бірлестіктердің, ғылыми және академиялық қоғамдастық өкілдері, жауынгер ерлігін насихаттауға үлес қосқан тарихшылар, журналистер мен қоғам қайраткерлері қатысты.

Облыс әкімі Кенжебай Мәденовке “Халық қаһарманы” атағының берілуі Атырау өңірі үшін ғана емес, бүтін ел тарихындағы маңызды оқиға екенін атап өтті.

- Бұл — тарихи әділдіктің салтанат құруы және майдангерлер рухына көрсетілген құрмет. Кенжебай Мәденовтің ерлігі — Отанға қапысыз қызметтің, хас батырлық пен нағыз патриотизмнің үлгісі. Оның есімі Қазақстан тарихына алтын әріптермен мәңгіге жазылады,- деді Серік Шәпкенов.

1943 жылы 18 жастағы Кенжебай Мәденов өз еркімен ұрыс даласына аттанып, Украина мен Польшадан Берлинге дейінгі жауынгер жолын еңсерген. Ұлы Отан соғысының сұрапыл шайқастарында ерлігімен көзге түсіп, екі дүркін “Қызыл Жұлдыз” орденімен және бірқатар жауынгерлік медальмен марапатталған. Офицердің ерен ерлік танытқан сәті — 1945 жылғы 29 сәуірде өз взводымен бірге Берлиннің орталығындағы маңызды әкімшілік нысан саналатын Ратуша ғимаратына шабуыл жасап, төбесіне Қызыл ту тігуі. Кенжебай Мәденов соғыстан кейін де ұзақ жылдар бойы мемлекеттік қауіпсіздік органдарында жұмыс істеп, елге адал қызмет етті.

Кездесуге қатысушылар Мемлекет басшысының шешімі арқасында Кенжебай Мәденовтің ерлігіне қатысты тарихи әділдік орнағанын тілге тиек етті.

Жиында Кенжебай Мәденов ерлігінің мемлекеттік деңгейде танылуына үлес қосқан азаматтарға Атырау облысы әкімінің атынан алғыс хаттар табысталды.

Батырдың ұлы Махамбет Мәденов ел Президенті мен облыс басшылығына батыр рухын ардақтап, оның жауынгерлік ерлігін жоғары бағалағанына ризашылығын білдірді.