Жылыойда 250 МВт бу-газ қондырғысы негізіндегі жаңа электр станциясы салынады

Жылыойда 250 МВт бу-газ қондырғысы негізіндегі жаңа электр станциясы салынады

Атырау облысының Жылыой ауданында қуаттылығы кемінде 250 МВт болатын бу-газ қондырғысы базасындағы жаңа электр станциясының құрылысы жоспарлануда, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Жоба аясында энергияны аралас өндіруге негізделген заманауи еуропалық бу-газ циклі технологиясы қолданылады. Бұл жүйеде алдымен электр энергиясы газ турбинасы арқылы өндірілсе, кейін пайдаланылған газдардың жылуы қосымша бу өндіруге бағытталып, бу турбинасы арқылы қайта электр қуаты алынады.

Мамандардың сөзінше, технология жоғары тиімділікпен жұмыс істеп, отынды үнемдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар қоршаған ортаға зияны аз.

Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Жантас Оспанның мәліметінше, қондырғы іске қосылғаннан кейін оның пайдалы әсер коэффициенті 54–56 пайызға дейін жетеді деп күтілуде.

– Құрылыс кезеңінде шамамен 350 адам жұмыспен қамтылады. Ал станция пайдалануға берілгеннен кейін 124 тұрақты жұмыс орны ашылады, – деді ол.

Жоба ҚР Энергетикалық инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі ұлттық бағдарлама аясында жүзеге асырылады. Жаңа маневрлік қуат өңірдегі электр энергиясына деген сұранысты қамтамасыз етуге, энергия тапшылығын азайтуға және өндірістік әрі әлеуметтік нысандарды тұрақты электрмен жабдықтауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар жаңа станция Атырау облысының энергетикалық тұрақтылығын арттыруға ықпал етеді.