
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында алғаш рет ұйымдастырылған «ECO Plogging» экологиялық акциясы өтті. Жүгіру мен қоршаған ортаны тазартуды ұштастырған шараға 50-ден астам белсенді жас қатысты.
Қатысушылар Сұлтан Бейбарыс алаңындағы Жайық жағалауынан бастап жаяу жүргіншілер көпіріне дейінгі аралықта жүгіріп өтіп, айналаны қоқыстан тазартты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар қоршаған ортаға жанашырлықты арттырып, қоғамды ортақ іске жұмылдырады.
– Бүгін Атырау облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен экологиялық плоггинг өтуде. Акцияның басты мақсаты – жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастырып, салауатты өмір салтын насихаттау, – деді Жастар ресурстық орталығының басшысы Мансия Сағидоллаева.
Экологиялық акцияға мектеп оқушылары, колледж студенттері және волонтерлік ұйым өкілдері белсенді қатысты. Жастар мұндай шаралар табиғатты қорғауға деген жауапкершілікті күшейтіп, көпшілікті игі іске біріктіретінін атап өтті.