Атырауда 8 мыңға жуық түлек үш мың ағаш екті

Атырауда 8 мыңға жуық түлек үш мың ағаш екті

«Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында еліміздің барлық өңірінде бір мезгілде «Түлектердің ағаш егу» эко-челленджі өтті. Оған республика бойынша 100 мыңнан астам жоғары сынып оқушылары қатысты, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Челлендж барысында мектеп бітірушілер білім беру ұйымдарының аумақтарында, сондай-ақ саябақтар мен қоғамдық орындарда ағаш отырғызып, елді мекендерді көгалдандыруға және экологиялық тепе-теңдікті сақтауға үлес қосты.

– Биыл Атырау облысында 8067 оқушы мектеп бітіреді. Бүгінгі акцияға олардың белсенді қатысуы табиғатқа және өз білім ордаларына деген құрметін көрсетеді. Білім беру ұйымдары мұндай экологиялық бастамаларды әрдайым қолдайды, – деді облыстық білім беру басқармасының бас маманы Қадыржан Сапаров.

Айта кетейік, биыл еліміздің барлық білім беру ұйымдарында «Еңбекқорлық және кәсіби біліктілік айы» жарияланды. Оның аясында «Халықаралық балалар кітабы күні», «Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күні», «Ұлттық кітап күні» сынды маңызды іс-шаралар ұйымдастырылды. Бұл бастамалар жас ұрпақты кітап оқуға, қоғамдық белсенділікке, қайырымдылыққа және табиғатқа жанашыр болуға тәрбиелеуге бағытталған.