Құрманғазы ауданында мәдени инфрақұрылым жаңарып жатыр

Құрманғазы ауданында мәдени инфрақұрылым жаңарып жатыр

Атырау облысы Құрманғазы ауданы Асан ауылында 100 орындық мәдениет үйінің құрылысы аяқталды. Дәл осындай мәдени нысанның құрылысы Азғыр ауылында жүріп жатыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.

Асандағы мәдениет үйінің құрылысы толық аяқталып, бүгінде нысанды пайдалануға беру үшін құжаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Жақын уақытта ел игілігіне тапсыру жоспарланған.

- Бұған дейін ауылда мәдениет үйі кеңес кезеңінде болған, жекешелендіру уақытында тұрғын иелігіне өтіп бұзылған болатын. Соған қарамастан мәдениет қызметкерлері ауыл әкімдігі ғимаратында дайындық жұмыстарын жүргізіп келді. Мұнда балаларға арналған домбыра үйірмелері жұмыс істейді, - деді Асан ауылдық округ әкімі аппаратының бас маманы Гүлім Қабдражитова.

Ал Азғыр ауылында 100 орындық мәдениет үйінің құрылысы жалғасуда. Нысанды осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

- Бұған дейін ауылда мәдениет үйі болмады. Бұл жоба ауыл тұрғындарының сұранысы негізінде жүзеге асырылуда. Жаңа нысан іске қосылғаннан кейін ауылда түрлі мәдени іс-шаралар, жиындар мен кештер өткізуге жағдай жасалады, - деді Азғыр ауылдық округінің әкімі Арон Ғұмаров.

Екі мәдениет үйі де заманауи талаптарға сай жабдықталып, материалдық-техникалық базасы толық жаңартылады. Нысандардың аумағы абаттандырылып, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастырылады.

Айта кетейік Азғыр ауылында 300, Асанда 544 тұрғын бар.