Атырауда кең ауқымдағы «Кітап FEST» фестивалі өтті

Атырауда кең ауқымдағы  «Кітап FEST» фестивалі өтті

Атыраудағы Сұлтан Бейбарыс алаңында өңірдің мәдени өміріндегі маңызды оқиғалардың біріне айналған «Кітап FEST» фестивалі өтті.

Бірнеше тақырыптық алаңды қамтыған іс-шараға Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов қатысып, өңірде оқу мәдениетін дамытудың маңызын атап өтті.

Фестиваль ашық аспан астында ұйымдастырылды. Алаңдардың бірінде жұртшылыққа жаңа әдебиеттермен танысып, ұнаған басылымдарын сатып алу мүмкіндігін ұсынған кітап жәрмеңкесі жұмыс істеді. Оған еліміздің сегіз баспасы мен облыс аудандарынан келген кітап желілері қатысты.

Ал кітап клубтарын біріктірген Community алаңында қоғамда кітап оқуды насихаттаудың өзекті мәселелері талқыланды.

Ал келесі алаңда Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Бейбіт Сарыбай, ақын, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Ерлан Жүніс, жазушы Қанат Әбілқайыр, Президенттік әдеби сыйлықтың лауреаты Әлішер Рахат, сондай-ақ продюсер Перизат Мырзахметтің қатысуымен ашық сұхбаттар мен қолтаңба сессиялары өтті.

Сондай-ақ фестивальге қатысушыларға атыраулық авторлардың электронды кітаптарын QR-кодтар арқылы цифрлық форматта оқу мүмкіндігі берілді.

Іс-шара әртістер мен шығармашылық ұжымдардың қатысуымен өткен концерттік бағдарламамен жалғасып, алаңда нағыз мерекелік көңіл-күй орнады.