
Астанада 2026 жылғы Өңірлік экологиялық саммит аясында Атырау облысының әкімдігі, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік бюросы арасында өзара түсіністік туралы меморандум рәсімделді. Құжатқа Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев, ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова және ДДҰ/Еуропа өңірлік директоры Ханс Хенри П. Клюге қол қойды. Меморандум Атырау облысы мен Каспий өңірінде қоршаған орта факторларының халық денсаулығына әсерін зерделеу бойынша ынтымақтастықты бекітеді.
Атырау облысы — Қазақстандағы ірі мұнай-газ өңірінің бірі, сондықтан қоршаған ортаға салмақтың адам денсаулығына әсері жүйелі бағалауды талап етеді. Меморандум ДДҰ-ның техникалық қолдауымен әзірленген 2026–2029 жылдарға арналған Жол картасына негізделген. Құжат экология мен денсаулыққа қатысты деректерді біріктіру мен талдауды, қоршаған орта факторларының денсаулыққа әсерін бағалауды (EHIA), адам биомониторингін (HBM) дамытуды, халыққа қауіп-қатер коммуникациясын күшейтуді, мамандарды оқытуды және «Біртұтас денсаулық» қағидатын дамытуды көздейді.
• Атырау облысы үшін экология мен денсаулық — күн тәртібінде тұрған өте өзекті мәселе. ДДҰ-мен бірге жасақталған Жол картасы деректерге сүйеніп шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді және өңірдің нақты нәтижелерге қол жеткізуін көздейді, - деді Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев.
Меморандум мерзімді ұзарту мүмкіндігімен төрт жылға жасалды. Қол қою рәсімі 22–24 сәуір аралығында Астанада болып жатқан Өңірлік экологиялық саммит аясында өтті. Форумда Орталық Азия елдерінің мемлекет басшылары мен халықаралық ұйымдардан келген өкілдер климат пен экология саласына қатысты мәселелерді талқылап, ортақ шешімдерге келмек.