
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов AMANAT партиясымен бірлесе ұйымдастырылған кезекті жеке қабылдауын өткізді. Кездесуде тұрғындардың, соның ішінде әлеуметтік осал топтағы азаматтардың өтініші қаралды.
Өтініш білдіргендердің бірі – көру қабілеті бойынша мүгедектігі бар облыс тұрғыны. Баспана кезегінде тұрған бұл азамат пәтер жалдауға көмек сұраған. Облыс әкімі өтінішті қарап, Отбасы банкінің өкілдеріне тиісті құжаттарды рәсімдеуге жәрдем беруді тапсырды. Банк І топтағы мүгедектігі бар азаматтарға жалдамалы тұрғын үй ақысының 50%-на дейін субсидиялауды қарастыратын мемлекеттік бағдарламаның операторы болып саналады.
Көмекке жүгінген тағы бір азамат 2017 жылы жетім балалар санаты бойынша тұрғын үй кезегіне қойылған. Оның айтуынша, 2012 жылы ағасына пәтер берілген. Сол себепті өтініштер біріктіріліп, інісі кезектен алынып тасталған. Өңір басшысы жауапты басқармаларға ұсынылған құжаттарды зерделеуді, қалыпқа келтіруге негіз болса, кезекке қайта қоюды, қажет болған жағдайда сот арқылы шешуге көмектесуді жүктеді.
Қабылдау кезінде әлеуметтік қолдау, баспанамен қамтамасыз ету, апатты үйлерден көшіру, жер телімдерін беру және жұмыспен қамту мәселелері көтерілді.
Тиісті мемлекеттік органдарға түскен өтініштер бойынша мәселелерді жан-жақты қарастырып, қолданыстағы заңнамаға сай шешім қабылдау тапсырылды.